Бақытжан Сағынтаев Ауылшаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды

Бақытжан Сағынтаев Ауылшаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кім көрінгенді жұмысқа алмау керек! Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Ауылшаруашылығы министрлігі жұмысын сынға алды. Айтуынша, ведомствода қабілеті жоқ мамандар жетіп артылады. Кесірінен берілген тапсырма уақытылы орындалмайды екен. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «2017 – 2021» жылдарға арналған бағдарламасы аясында кенттер мен ауыл-аймақтарға шағын несие берілуде. Бұл мақсатта қазынадан 27 миллиард теңге бөлінсе, оның 11 миллиарды Аграрлық несие корпорациясы арқылы жүзеге асады. Бірақ соған қарамастан, өңірлер қаражатты игеру межесіне жете алмай отыр. Оған басты себеп - мамандардың өз жұмысына салғырт қарауы.

Әуелде айтқаныңдай, қазір елімізде өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асуда. Ал кәсіркерлерге көмек көрсету үшін шағын несие беріліп жатыр. Бақандай 27 миллиард теңге бөлінген екен. Аграрлық несие корпорациясы болса кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген 11 миллиард теңгенің 48 пайызын ғана игерген. Ақтөбе және Павлодар облысында 80 пайыздан жоғары болса, Солтүстік Қазақстанда бөлінген несиенің 15 пайызы ғана жұмсалыпты. Ал Маңғыстау облысындағы көрсеткіштің мүлдем төмен болуын Ауылшаруашылығы вице-министрі аграрлық несие корпорациясы бөлімшесінің Атырауда орналасуымен байланыстырды. Отырыс барысында Бақытжан Сағынтаевтың шамына да тигені осы еді.

Негізі Үкімет отырысында өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі мен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы талқыланған еді. Бірінші мәселе бойынша, еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігі алғашқы 7 ай бойынша есеп берді. Бағдарламаны орындау үшін қазынадан 85 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Аз ақша емес, бірақ ведомоство атқарылып жатқан шараларға да тоқталды. Айта кету керек, бұл бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды. Аталмыш  жобаға қатысуға осы кезге дейін 276 мың адам өтініш білдіріпті. Ал 2021 жылға қарай 320 мың қазақстандық жаңа мамандықты игеріп шығатын болады.

«Бағдарлама аясында өңірлерде 1800-ден астам мобильді топтар құрылды. Олар жаңа мамандықты игеріп шығам деушілерді тіркейді. Қазір 271 негізгі әрі қажетті мамандықтар тізімі бекітілді. Олардың көпшілігі техникалық, қызмет көрсету саласы, ауылшаруашылық саласына қажетті мамандықтар. 1 қыркүйектен бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінген мектеп түлектеріне тегін кәсіби және техникалық білім берумен қамтамасыз етіледі», - деді Қазақстан Республикасының Білім министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігінің айтуынша, 2022 жылға қарай, 59 мың отбасы солтүстік өңірге қоныс аудара алады екен. Биылдың өзінде мемлекет қазынасынан еңбекке жұмылдыру мақсатында 710 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл ақша 288 отбасының күнелтуіне жетеді екен.

«Талдау жұмыстарын жүргіздік және еліміздің солтүстік өңірлеріндегі қазіргі демографиялық жағдай бойынша, таяу бес жылдың ішінде ондағы экономикалық белсенді халық саны 167 мың адамға азаятынын анықтадық. Сол себепті солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірген адамдардың бастамасына қолдау білдіруіміз қажет. Бүгінде қарастырылып қойған субсидияларға қосымша құралдарды ұсынып отырмыз және қаржыландыру мәселелерін пысықтап жатырмыз», - деді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Вице-министр айтып отырған субсидия көшуге берілетін материалдық көмек пен 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге берілетін субсидиядан тұрады. Оның мөлшері елді-мекеннің орналасқан жері мен отбасы мүшелерінің санына байланысты әр отбасыға 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейінгі аралықта беріледі. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға, өз кәсібін домалатуға да мемлекет көмектеспек.



Новости партнеров