Бауыржан Байбек мегополистің жолдарын тексерді

08.06.2018 03:16

Алматының адамдар тығыз орналасқан аудандарын жүрдек автобус дәлізі қамтитын болады. Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде, мегаполистің көлік және жүргінші жолдарының құрылыс жұмыстарын тексерді. Тимирязев көшесін аралаған әкім, Манас көшесінің бұрышындағы май құю бекеті алдындағы көлік қозғалысының сызбасын жаяу жүргіншілерге басымдық беріп қайта қарауды, тротуарды қауіпсіз аймақпен қоса аббаттандыруды ұсынды. Жақын арада «Атакенттің» кіре беріс аркаларының алаңдарын көгалдандыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар мегаполис басшысы Жандосов пен Розыбакиев көшелерінің бойындағы сапасыз салынған жүргіншілер жолдын сынап, мердігерге тез арада олқылықты жоюды міндеттеді. Ал көлік реформасы аясында BRT желілерін қайта жасау жұмыстары Мұстафин, Рысқұлбеков, Сүлейменов көшелерінде жүруде. Жандосов және Тимирязев көшесінің бойында BRT желілерінің қозғалыс бөлігін кеңейту үшін - тротуарлар мен веложолдар салу, сонымен қатар инженерлік жүйелерді қайта орналастыру жұмыстары жасалып жатыр.

«BRT дәлізі адамдар тығыз орналасқан аудандарды қамтиды және оларға қызмет көрсету үшін қоғамдық көлікке басымдық беру қажет. Жоспарланған 9 шақырымның ұзындығы 2,7 шақырым болатын жерінің қайта жасалуы арқасында- қоғамдық көліктегі жолаушылар легі 20%-ға артып, жолға кететін уақыт 30%-ға қысқарды. Қазіргі кезде кіші айналма жолдың өткізу қабілетін арттыру үшін жолайрықтар салынуда, көпір нысандары артуда, трамвай рельстері алынып, қозғалыс аумағы кеңеюде. Қаланың барлық аудандарында 157  көше жөнделіп жатыр»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Талғат ХОСЧАНОВ.  

Қала әкімі көшелерді реконструкциялаудың кешенді жүргізілуі, заңсыз құрылыстардың, қоршаулардың алынуы, нысандардың сыртқы келбетінің бірыңғай архитектуралық стильде болуы және асфальтты алаңдардың азайып, көгалдандыру жұмыстарының артуы тиіс екенін атап өтті. Еске салсақ, Алматыда биылғы жазда 150-ден астам көше жөнделеді. 30 шақырым жүргіншілер жолы жасалып, 600 аула көріктендіріледі. Барлық жер асты өткелі жолдары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа субұрқақтар салынады. Бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова,Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге  мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары түгелдей жаңарады.