Наурызбай ауданының үш ықшам ауданы ауыз сумен толық қамтылмақ

10.11.2017 22:49

Наурызбай ауданының үш ықшам ауданы жыл аяғына дейін ауыз сумен толық қамтылады. Бұған дейін аудан халқы су азабын тартып келген еді. Соңғы екі аптаның өзінде 400 тұрғын үй орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жалпы, алдағы бір айда 30 мыңнан астам тұрғын тіршілік көзін үздіксіз тұтына бастайды.  Қалаға қосылғалы бірнеше жыл болған аудан тұрғындары енді судан тарықпайды.

Қалқаман-2 ықшам ауданының тұрғыны Төрехан Затаев бұл күнді ширек ғасырға жуық уақыт күтіпті. Үйге суды ұңғыма арқылы тарту, қарияны біраз әуреге салатын. Енді ол мұндай мәселенің біржола шешілгеніне дән риза. 

«Жер бар, соны пайдалануға байланысты жаз айларында су жетімсіздігі байқалып, график бойынша беріліп тұрды.  Бұған дейін 24-25 жылдай шамасында артезиан скважина суын қолданып келдік. Судың келгені біздер үшін өте үлкен қуаныш»,- деді Төрехан ЗАТАЕВ.

Бұған дейін тұрғындар аулаларына суды түрлі тәсілдермен жеткізіп отырған. Бірі арнайы су тартқышпен тасып, енді бірі, жекеменшік су қоймаларға жалғанып, керегінше толтырып алып отырыпты. Жаз айларында судың жайы мүлде күрделене түсіп, күніне тек бір-екі сағат қана берілген кездерді де еске алды жұрт. 

«Осыған дейін тартылған су таза емес, сапасыз болатын. Ешқандай тазалаудан да өтпейтін. Оның үстіне ұңғымадан тарту үшін төленетін ақша аз емес еді. Суды бір тартып алуға 12 мың теңге беретінбіз. Енді ондай шығынға батпаймыз деген ойдамыз әрі су да таусылмайды деп сенеміз»,-деді Геннадий ФЕДОТОВ. 

Соңғы екі аптада "Қалқаман-2" шағын ауданына қарайтын 400 тұрғын үй орталықтандырылған су желісіне қосылған. Енді осы сияқты тағы "Қалқаман-3" және "Алты Алаш" аудандарын да жүйеге қосу жоспарланыпты. Алдағы бірнеше аптада 30 мыңнан астам тұрғын арнайы тазартудан өткен, сапалы ауыз суды тұтына бастайды. Таза су - тұрмыстың ғана, өмір сапасының да көрсеткіші. 

«209 шақырым су және кәріз құбырлары салынып, қазіргі таңда тұрғындар жаңа құбырларға қосылып жатыр. Яғни «Қалқаман» ықшам ауданында мына су мәселесі толығымен шешілді деп айтуға болады. Бір екі аптаның ішінде толығымен 5000 үйді суға қосамыз деп жатырмыз»,-деді «Алматы су» МКК баспасөз хатшысы, Серік ШАГИРОВ.

Ауыз судан бөлек, мұнда кәріз жүйесі де жаңартылған. Енді үш ауданның халқы 1 текше метр су үшін 55 теңге, ал кәріз қызметін қосқан соң 28 теңге көлеміндегі тарифпен төлем жасай бастайды. Қазір орталық су жүйесіне қосылуға 4 мың үй құжат тапсырып қойған.

Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы