Алматыдағы Ботаникалық баққа үш жақтан кіретін жол салу жоспарда бар

04.07.2018 01:34

Алматыдағы ботаникалық бақты жаңғырту жобасы әлі де талқыланып жатыр. Жобаның алдын ала нұсқасы қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері мен «Көкжайлауды қорғаймыз» қозғалысының көңілінен шықты деуге болады. Дегенмен олар да өз ұсыныстарын қосып, әлі де өзгерістер болады,-дейді. Бұған дейін бақты жаңғырту жұмыстарымен айналысуға Болат Өтемұратовтың қоры дайын екендігі айтылған болатын. Еліміздегі бірегей ботникалық бақ қалай өзгермек?

Ботканикалық бақта сиверс алмасының таптырмас коллекциясы бар. Әдетте бұл аймақ жабық тұрады, өйткені ғалымдар алма ағаштарынының болашағына алаңдағандықтан осылай қорғағысы келеді. Қоршалған аймақта сиверс алмасының 150-ден астам түрі өсіріледі. Жабайы тұқымдарды бұл жерге сонау 1970-жылы ғалым Аймақ Жанғалиев жинаған. Енді бұл- әлемдегі жалғыз үлгілер,-дейді мамандар. 

«Бақты жаңғырту кезінде олар 25 гектар жерді қамту үшін, шетелден көшеттер әкеп отырғызады. Ал ол ағаштар біздің талдарымыз үшін қаншалықты қауіпсіз болады ол жағы белгісіз. Мәселен, Тимирязев көшесінің бойына отырғызылған талдарда зиянкестер мен аурулары болды. Соның кесірінен қанша ағаш өліп қалды. Енді тағы да талдардың болашағы үшін алаңдап отырмыз»,-деді Ботаникалық бақ зертханасының меңгерушісі Гаухар МҰҚАНОВА.

Ботаникалық бақты жаңғырту туралы қоғамдық талқылауда жобаны әзірлеушілер аймақта тек қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз, бір де бір тал кесілмейді, қайта суару жүйесін жаңартамыз деп сендірді.

«Біздің ең басты мәселеміз - инфрақұрылымымыз тым ескірген, біздің жинау қорларымыздың тұрақты дамуына және бүкіл ботаникалық бақты дамытуға сәйкес келмейді және халықаралық кеңістікке қосылуымызға да мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар өсімдіктерді сақтаудың жаһандық стратегиясына байланысты біздің міндеттерімізді орындауға да қауқары жетпейді»,-деді ботаника және фито жерсіндіру институтының бас директоры Гүлнәр СИТПАЕВА.

Жобаны талқылауға тек қана ғалымдар емес, мүмкіндігі шектеулі жандар да келді. Олар үшін арнайы құрылымдар әзірленетін болады. Археологтар болса бақтың аймағында сақ қорғандарының сақталғанын және оларды әлі зерттеу керектігін ұмытпауды өтінді. Сондай-ақ, талқылауға "Көкжайлаулы қорғаймыз» қоғамдық қозғалысының өқкілдері де қатысты.

«Бір қуантарлығы, қазір ботаникалық бақтың дамуы туралы әлі келіссөздер жүріп жатыр. Сондықтан кейбір мәселелерге қатысты пікірімізді айтып, асықпай талқылап, өз ұсыныстарымызды қосуымызға уақыт бар. Мұнда қоғамдық орындардың құрылатыны маған қатты ұнады»,-деді «Көкжайлауды қорғаймыз» қоғамдық қозғалысының көшбасшысы Ажар ЖАНДОСОВА.

Ботаникалық баққа үш жақтан кіретін жол салу жоспарда бар.Әль-Фараби даңғылы жағынан, Атакенттен, сосын Тимирязев көшесінен. Әр бөлігінде саябақ аймақтарын салу жоспарланған. Ол үшін 100 гектардың 25-гектар жері бөлінеді. Саябақ өзінің статусын жоғалтпайды.

«Ботаникалық институттың жұмысы жалғаса береді. Ғылыми, зерттеу, әдістемелік жағы өзінде қалады. Қала өзіне тек бұл жерді қалпында ұстау, тазалығын сақтау, су желілерінің жұмыс істеуін қадағалау және коммуналдық мәселелерді өз мойнына алады»,-деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.

Барлық генофондтарды сақтай отыра қоршауларды ауыстыру мен экожолдар салу жоспарлануда. Бұл әзірге бақты жаңғыртудың жобасы ғана. Жоспар тағы да өзгеруі мүмкін. Және бұның барлығы меценаттардың қаржысына іске асырылмақ.

«Ботаникалық бақтың инфрақұрылымын жаңарту үшін қордан 10-15 миллион долларға дейін қаржы бөлінеді. Нақты жоба әзірге дайын емес. Қазір онымен Польшаның, Ресей мен Қазақстанның ландшафтық дизайнерлерінің сәулетшілер тобы және де ботаникалық бақ қызметкерлері жұмыс істеуде»,-деді «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан ОСПАНОВ.

Жоспар бойынша Болат Өтемұратовтың қоры қыркүйектің ортасына қарай жобаны аяқтап, жұртшылыққа ұсынбақ. Содан кейін қоғамдық тыңдаулар болады.

Тоғжан Аман, "Алматы" телеарнасы