Бүгін Қырғыз Республикасында жаңа президенттің инаугурациясы өтеді

24.11.2017 22:51


Қырғыз Республикасында жаңа президенттің инаугурациясы өтеді. Билікті Алмазбек Атамбаев жаңадан сайланған Сооранбай Жээнбековқа табыстамақ. Осы тұста саясаттанушылар Қырғыз елінде көптеген саяси өзгерістер орын алады деп топшылайды. Айта кетейік, қазақ пен қырғыз арасындағы қарым-қатынас сайлау алдында ушыққан еді. Оған қырғыз елінің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың айтқан ойға қонымсыз сөздері себеп. Бірақ саяси қақтығысқа қарамастан, қос ел арасындағы тауар айналымы құлдырамаған. Мәселен, 9 айдың қорытындысы бойынша қазақ пен қырғыз арасындағы тауар айналым 541 млн АҚШ долларын құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға артыпты.

«Қырғыз елінің нарығы экономикалық тұрғыдан Қазақстанмен тығыз байланысты. Соған қарамастан, президент сайлауына дейінгі Атамбаевтың Қазақстан туралы айтқан сөздері ақылға қонымсыз. Ол Жээнбековты таққа отырғызу үшін осындай әрекетке барды деп ойлаймын. Атамбаев осылайша қазақ пен қырғыз арасындағы достықты сайлау алды құралына айналдырды. Бұл шиеленісті енді тек жаңа Президент түзете алады», - деді Халықаралық экономика және саясат институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек САРАБЕКОВ.