Алматыда қайырымды жандар тегін тамақ таратуда

25.01.2018 21:58

Алматыда зейнеткерлерге тегін тамақ таратылып жатыр.  Қайырымдылық орын Жандосов пен Айманов көшелерінің қиылысында орналасқан. Еріктілер күніне 100 адамды ауқаттандырамыз дейді. Бұл орынға тұрмысы төмен отбасылар және үйі жоқ адамдар келіп, тамақтануына болады. Мұндай шара осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт аралығында 50 мың түскі ас таратылыпты. Ал, азық-түлікті сатып алуға қалталы азаматтар мұрындық болған.

«Адамдар тамақты 5-10 минутта алып кетеді. Көбінесе 80-ді алқымдаған қариялар келеді. Біз адамдардың ешқайсысын құр қол қайтармаймыз. Бірақ, қаңғыбастар мас күйінде келсе оларға тамақ берілмейді. Адамдарға ас беріп, алғысын алған қандай жақсы. Бір қарияның қарны тойса, соның өзі мен үшін үлкен бақыт»,-деді Жоба ұйымдастырушысы, Расима ТЕМЕРБАЕВА.

«Мен мұнда осымен үшінші жыл қатарынан келіп тұрмын. Мұндағы тамақтар маған ұнайды. Сондықтан, ауа-райына қарамастан қалмауға тырысамын. Осындай орындар қаланың барлық аудандарында ашылса, тіптен жақсы болары еді»,- келуші, Мұратбек ӘУБӘКІРОВ.