Ақмола облысында прокурор мен тергеушіге оқ атып, ізінше өз-өзіне қол салған Өмірбек Жампозовтың ісі сотта қаралды. «Әкеме нақақтан жала жабылды» деген марқұмның ұлы Өмірбек Жампозовтың қаржы жымқырмағанын дәлелдемек. Осы тұста, марқұмның ұлы да аудандық прокурорға қол көтергені үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Аты-шулы іс Ақмола ауылындағы сотта қаралды. Отырысқа марқұм Жампозовтың туыстары тегіс жиналған. Күдіктілердің қатарында 5 адам бар. Олар мемлекеттің 600 млн теңгеден астам қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Бөлінген ақша Преображенский гидроторабын жаңартуға жұмсалу тиіс еді.
Марқұмның ұлы Асылжан Жампозов та осы сотта төбе көрсетті. Ол өзінің әкесінің еш кінәсі жоғын дәлелдеуге бекінген. Осы тұста, Асылжан да қазір құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Оған аудандық прокурорға қол көтерді деген айып тағылып отыр. Алайда, марқұмның ұлы бұл айыппен келіспейді. Айтуынша, әлгі жайт абайсызда болған.
«Маған тағылған айыппен келіспеймін. Сол күні суыт хабар жетіп, әкемнің мүрдесі жатқан орынға асыққам. Сол кезде олар маған қарсылық танытып, ақыры қолым біреулеріне тиіп кеткен болуы керек. Әдейі жасағаным жоқ», - деді Ө.Жампозовтың ұлы Асылжан ЖАМПОЗОВ.
Әкесінің ісіне қатысты деректермен танысқаннан кейін кіші Жампозов сараптаманы қайта жүргізуге өтініш берді. Айтуынша, зерттеу жұмыстары қаржының қолды болған-болмағанын көрсетеді.
«Қылмыстық іспен танысқаннан кейін оның ұлы жаңа сараптаманы тағайынауға сотқа өтініш түсірді. Атқарылған жұмыс ақысына байланысты сұрақтар қозғалды. Сараптама тағайындалса, қандай да бір қаражаттың қолды болғанын анықтауға мүмкіндік болады», - деді А. Жампозовтың қорғаушысы Бақыт ҚАЙЫРЖАНОВА.
Еске сала кетейік, «Казводхоз» республикалық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Өмірбек Жампозовқа Преображенский гидроторабын жаңартуға бөлінген қаржыны жымқырды деген айып тағылған еді. Одан бөлек, тағы 5 адам сыбайлас ретінде күдікке ілінген. Әкесінің қазасынан кейін, Жампозовтың ұлы бастауыш партия мен еліміздің қауіпсіздік кеңесіне әділдік сұрап жүгінбекші.
Азамат Әуезхан, Олжасбек Мәден, «Алматы» телеарнасы Ақмола облысынан