Алматыда Алғыс айту күні кең көлемде атап өтілді

02.03.2017 15:41

Алматыда Алғыс айту күні кең көлемде атап өтілді. Елбасы пәрменімен бекітілген мерейлі күн биыл екінші жыл қатарынан тойлануда. Қаланың 3 бірдей ауданында түрлі мерекелік шаралар өткізіліп, кәсіпкерлер жәрдемге мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Ақ халаттылар да аянып қалмады.

Алсурат Насыров Алматыда өніп-өскен. Ата-анасы қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға қоныс аударыпты. Қиын-қыстау шақта өзектен теппей, іргесін паналатқан қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ. Бүгінде ол кембағал жандарға қол ұшын созып жүр.                                          

Шағын дүкен иесі бұл қызға тұрақты түрде жәрдем қылады. Керек-жарағын ай сайын алып береді. Мұнысын бірақ ерлікке баламайды. Мәрттікті қазақтардан үйренгенін айтады.                        

«Мен ай сайын ол қыздың үйіне барып, керек заттарын алып берем. Бұл - қайырымдылық. Қазақтың қанында бар қасиет. Көмекке мұқтаж жандарға әрбір адам қол ұшын созуы керек деп ойлаймын», - деді кәсіпкер Алсурат НАСЫРОВ.

Алғыс айту күніне орай, Алматының 3 бірдей ауданында түрлі мерекелік шаралар өткізілді. Бостандық ауданындағы емханалардың бірі, тіпті науқастарға тегін түрде қызмет көрсетті. Сырқаты бар кез келген адам дәрігерлерден кеңес алып, медициналық тексерістен өтті.                                            

«Науқастарға медициналық көмек көрсету - біздің міндетіміз. Әрбір отандасымыздың саулығы біз үшін маңызды. Дәрігерлік қызмет жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан біздің емхана ашық есік күндерін өткізіп, жәрдемге мұқтаж жандарға қызмет көрсетті. Тіркеуде тұрған кез келген адам келіп, біздің кеңес алды. Дәрігерлерге қаралды», - деді Алматы қаласы №17 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Виктор КИМ.

Бұдан бөлек, аудандағы сұлулық салондардың бірі де келушілерге тегін қызмет көрсетті. Олар тұрғындарға шаш үлгісін жасап, беттерін әрлеп берді. Бұл да - төңіректегі адамдарға алғыс айтудың бір түрі дейді салон иесі.                

«Қарбаластан, қым-қуыттан адамдардың көбі сырт келбетіне мән бермейді. Сондықтан біз Алғыс айту күні кезінде келушілерге тегін қызмет көрсетуді ұйғардық. Шаш қыю, маникюр, педикюр сынды қызметтің барлығы ақысыз жасалды. Көбіне қарт кісілер келді», - деді кәсіпкер Наталья КОШЕВА.

Ал, Жетісу ауданында мектеп оқушылары ұлттық ойындардан жарыс өткізді. Олар асық ату, арқан тарту, тоғыз құмалақ пен қазақша күрестен кім мықтыны анықтады. Одан бөлек, көмейіне құмыр құс ұялаған дарынды балалар сахнада өз өнерлерін көрсетті. Оқушылар мың бұрала би билеп, ата-аналарын қуантты.                    

«Жастарды тәрбиелеу мақсатында мейрамның мән-маңызын түсіндіру үшін, қазақ халқының кезінде өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне қалай көмек көрсеткендерін жаппай айтып жатырмыз. Бұл мереке мектептер аясында да өткізіліп жатыр», -деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Санжар ТОҒАЙ.

Тап осындай шара Наурызбай ауданында да ұйымдастырылды. Өзге ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілікті ту ететін мерекенің мән-маңызына тоқталды. Араларында Алматының ажарын айшықтауға үлес қосып жатқандары көп. Олар бейбіт елде ымыраласып күн кешіп жатқандарына  қуанады.  

Алғыс айту күні елімізде былтырдан бері тойланып келеді. Елбасы пәрменімен күнтүзбеге енгізілген мейрам - отандастарымызды мейірімділік пен татулыққа үндейді.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы