Қала күні аясында Алматыда 100-ден астам мәдени шара өтеді

16.08.2018 23:34

Ару қала – Алматыға 1002 жыл. Қала күні аясында 25 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында мегаполисте 100-ден аса іс-шара өтеді. Оның 50-ден астамы – мәдени шаралар. 

Сүйікті қаламыздың туған күніне шетелдік өнер майталмандары мен суретшілер арнайы келмек. Олардың қатарында Франция, Словения, Жапония, Италия, Германия, Ресей және Беларусь елдерінің шығармашылық ұжымдары бар. Қала күніне орай, алматылықтар мен сырттан келетін қонақтарды тағы қандай тосынсыйлар күтіп тұр?  

Қала күні қарсаңында Алматыға еліміздің әр аймағы мен шетелден келетін қонақтар үшін күн сайын арнайы бағдарламалар болады. Классикалық музыка тыңдармандары үшін «Көк-Төбе опера – 2018» фестивалі ұйымдастырылса, ұлттық және заманауи музыканы ұнататын қауым үшін де ең мықты деген әртістер өнер көрсетпек. Бұдан бөлек, түрлі тағамдар фестивалі, сатиралық шоу, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар тұрғындардың көңілін марқайтады.

«Қала күні қарсаңында заманауи өнер фестивалі «ARТBAT fest», ашық аспан астындағы оркестрлік музыка мерекесі, «KITAP FEST» шарасы өтеді. Бұдан өзге, «Almaty garden show» халықаралық бақ фестивалі болады. Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы шаралардың ауқымы кең әрі бәрі де жаңаша ұйымдастырылады», – деді Алматы қаласы әкімі баспасөз хатшысының орынбасары Динара САПАҚОВА.

Қазақстандық музыка фестивалі «GAKKU дауысы» да биыл қала күніне орай өткізіледі. Ал «Муззон» фестивалінде «91» тобы жаңа форматта өнер көрсетеді екен. Жігіттердің қандай жанрда ән орындайтынынан қазірше ұйымдастырушылардың өздері де бейхабар. Жалпы, бір ай бойы қаланың негізгі алаңдарында, яғни «Астана» және «Абай» алаңдарында, «Алматы аренаның» алдында, Тұңғыш Президент саябағы мен Панфилов және Жібек жолы саябақтарында күн сайын қызықты шаралар ұйымдастырылады. Айтпақшы, қала күні қарсаңында Тұңғыш Президент саябағында көптен кұткен алып құрақ көрпенің таныстырылымы болады.  

«Заманауи музыка тыңдармандары үшін танымал ди-джейлер мен хип-хоп және поп-индустрия өкілдерінің және отандық жұлдыздардың қатысуымен халықаралық музыка жүлдесі ұйымдастырылады. Тағы бір айта кетерлігі, негізгі, жүзден аса бағдарламадан бөлек, әр ауданда да мерекелік шаралар болады», – деді Алматы қаласы әкімі баспасөз хатшысының орынбасары Динара САПАҚОВА.

Жылдағы дәстүр бойынша өтетін «ALMA Fest» алма фестивалінің биылғы форматы өзгеше дейді ұйымдастырушылар. Қаладағы мейрамханалар алмадан түрлі шырындар мен тағамдар жасап жарысады екен. Қазірдің өзінде байқауға қатысуға 40-тан аса мейрамхана ниет білдірген. Ал әзіл-қалжыңды жақсы көретіндерді ресейлік «Однажды в России» сатиралық шоуының әртістері күлкіге қарық қылмақ. Жалпы, ұйымдастырушылар биылғы қала күні қарсаңында өтетін шаралардан қаламыздың кез келген жастағы тұрғыны өзіне ұнайтын бағдарламаны таба алады деп сендіріп отыр.


Тоғжан Аман, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы