Денсаулық сақтау вице-министрі менингиттің таралуына қатысты түсініктеме берді

23.05.2018 15:48

Менингит ауруына шалдыққандарға қатысты жаңа деректер анықталуда. Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың сөзінше, қазіргі таңда менингит белгілері 21 науқаста анықталған. Оның ішінде он сегізінде нақтыланыпты. Сырқат Оңтүстік Қазақстан және Алматы облысында тіркелген. Аурудың өршуіне ауа райы себеп болғанын алға тартуда. Жағдай бақылауда, сондықтан халықтың дүрбелең туғызуларына негіз жоқ - деді вице-министр. Айта кетейік, Алматыда менингит ауруы сәуір айынан бастап дендей бастаған. Осы уақытқа дейін дәрігер көмегіне 47 тұрғын жүгінсе, оның он бесінде бұл дерт анықталыпты. Аталған сырқат 3 адамның өмірін қиды. Оның біреуі бала болған.

«Қорқатын ештеңе жоқ. Жағдай қалыпты. Менингит белгілері әр үш жыл сайын шығып тұрады. 2014 жылы 66 адам ауырған. Сондықтан қазір дүрлігудің қажеті жоқ. Егер ыстығыңыз көтеріліп, басыңыз айналса, бірден дәрігерге көрініңіз. Ең бастысы, аурудың алдын алу», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей ЦОЙ.