Жаркентте батутта ойнаған қыз қаза бола жаздады

14.08.2018 18:20

Алматы облысы Жаркент қаласының тұрғыны туысы болып келетін кішкентай қыздың батутта ойнаймын деп мерт бола жаздағанын хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.

Ол бұл жазбасын Instagram желісінде қалдырды. Онда оқиғаның 9 тамызда болғаны айтылады.

«Бауырымның қызы батутта ойнап жатып, ішіне түсіп кетті. Әрең дегенде шығарып алдық. Қандай жағдайда болғанымды елестете де алмайсыздар. Кішкентай ғана ханшайым екі метрдей жерге түсіп кетті. Таба алмай қалдық, ішінен жылы ауа соғып тұр, тіпті менің өзім көзімді аша алмадым! Аяғынан ұстап, әзер дегенде шығарып алдық. Қалай айғайлағанын көрсеңіздер ғой. (...) Батутты неге тексермейді... Біз бір сәтке назар салмасақ не болар еді? Бір апаттан аман қалды, бірақ бойдағы үрей басылмай тұр», – делінген видеоның сипаттамасында.