Жетісу ауданында өткен «қой көтеру» ойыны жастардың қызығушылығын тудырды

27.03.2017 15:25

Наурыз мейрамы барлық ұлыс пен ұлт өкілдерінің басын қосып, татулығымыздың берік негізін көрсетеді. Бұл - ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық ұмытылатын, жақсыға қарай бет бұратын күн.

Қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысын да қазіргі ұрпақ жылы қабылдайды. Жетісу ауданы жұртшылығы арасында ұйымдастырылған «қой көтеру» ойыны - жас пен жасамыстың ерекше қызығушылығын тудырды. Алғаш шыққан жігіттер ақ тер-көк тер боп қойдың ыңғайын таба алмай біраз айналды.

«Мына халықтың көп келгені маған қуанышты болып көрініп тұр. Себебі қазақ үйлер тігіліп, қазақтың бір керемет иісі, қазақтың бір керемет дәстүрі көз алдымызға елестеп отыр. Әсіресе, қой көтерудің куәгері болып келдім. Бір бауырымыз 120 рет көтерді, бірінші орында тұр. Қалғандары 70-тен, 80-нен көтеріп жатыр», - деді Жетісу ауданының тұрғыны Әнуар БЕКЖАНОВ.

Наурыз - халықтарды тұтастыра түсетін достық мейрамы. Ұлыстың ұлы күні қала көлемінде кеңінен аталып өтілді. Жетісу ауданы да Әз-Наурызға үлкен дайындықпен келген екен. Мерекелік концерт тамашалауға келген жұртшылық наурыз көжеден дәм татып, мәз-майрам болды.

«Биыл жақсы табыстарға кетіп жатырмыз, салық болсын, басқасы болсын, барлық жұмыстар атқарылып жатыр. Қыстан аман сау шықтық. Қазақ халқы айтады ғой, асымызды, дәмдімізді халыққа тарту етіп жатырмыз. Жетісу ауданының халқы келіп, тойлап, қуанып жатыр жақсылықтарға», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Талғат РАЗАҚОВ.

Наурызда үлкен-кішіге бата берілді. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, ізгі істерге шақыратын бұл мерекенің мәні зор. Бостандық ауданы тұрғындары да жаймашуақ Наурыз мейрамын қаладағы ойын-сауық олрталықтарының бірінде атап өтті.

«Бостандық ауданында 10 жерде осындай мереке өткізіп жатырмыз. Ол мына ойын-сауық орталықтарында, мұражайларда, үлкен кәсіпорындарда мереке тойлануда. Ол жерде наурыз көже, бауырсақ, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар ұйымдастырылуда», - деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Саят АҒЫБАЕВ.

Жыл өткен сайын Наурыз елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.