Алғабастағы қисайған үйдің тұрғындарына жаңа баспана 1 сәуірде берілетін болды

06.03.2017 16:40

 «Алғабас - 6» ықшамауданында қисайған үйдің тұрғындарына жаңа баспана 1 сәуірден бастап берілетін болды. 72 пәтерлі 9 қабатты үйді «Астана құрылыс» компаниясы толығымен өз есебінен салған. Жаңа баспананың жобасы бұрынғысымен бірдей, яғни шаршы метрлері еш өзгеріссіз қалған. Сондықтан, бұрынғы апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанадан, өздері тұрған үлгідегі пәтерлерді алады. Қазіргі кезде тұрғындардың жартысынан көбі жаңа баспанаға көшуге асық болса, кей тұрғындар ескі үйге баруды құп көріп отыр екен. Мердігер компания тұрғындардың барлығын бірауыздан шешім қабылдауға шақырды. Әрі, пәтерлерге көгілдір отын мен лифт қызметі, тұрғындардың 80 пайызға қоныстаған соң ғана берілетінін жеткізді.

«1-інде бұл кісілер кіргеннен кейін паррарельно құжаттарын жасаймыз. Өйткені, біраз бір заңдылықтар бізде бар сот арқылы шешілетін. Өйткені, ескі үй мен жаңа үйді айырбас жасауымыз керек. Ол заң жүзінде сот арқылы шешілу керек. Ескі үйдің орнына жаңа үй салып бердік, соның құжат рәсімдеулері созылуы мүмкін»,- деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі, Бағдат МӘНІЗОРОВ.

Апатты үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына кіргенше құрылыс компаниясы оларға өз есебінен, пәтер жалдап беруін жалғастырады. Сондай-ақ, «Астана құрылыс» 200 млн теңге қаражат шығарып, №136 үйді толықтай қалпына келтірген көрінеді. Енді ол пәтерлер компания меншігінде қалып, болашақта өзге азамттарға сатылмақ. Естеріңізге сала кетейік, былтыр маусым айында «Алғабас» ықшамауданындағы № 136 үйдің іргетасы сыр беріп, 72 пәтерлі баспана 34 см-ге шатқаяқтап қалған болатын. Дереу төтенше жағдай жарияланып, мұндағы тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілген. Осы оқиғадан соң ықшамаудандағы барлық үй жаппай тексерістен өтіп, ақауы барларының іргетасы мықтап бекілетін еді. Ал, қисайған үйді салған «Астана құрылыс» компаниясы сол үйдің тұрғындарына компенсация ретінде дәл сол үлгіде, сапасы жоғары жаңа баспана тұрғызып берді.

«Сапасына көзіміз жетті, мұны салғаннан басында болдық. Фундамент құярдың алдында астын жөндеген кезде барлығымыз куәміз, барлығымыз келдік, көрдік. Жеті сайын келіп тұрамыз. Келіп қарап тұрамыз қалай құйып жатыр»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Гүлнұр ҚАСИЕВА.

«Кішкене-кішкене ауырлықтар, қиыншылықтар болды. Олардың барлығы бүгін шешілді. Енді қуанышымыз қойнымызға сыймай қуанып тұрмыз. 1 апрельден бастап үйге кіргізетін болды»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Гүлайша АБЫЛАЕВА.