Осыдан 2 жыл бұрын саусағынан айырылған Алматы облысының тұрғыны арнамыздан көмек сұрады. Жұмыс үстінде жарақат алған Алексей дәрігерлердің қателігін дәлелдей алмай жүрмін дейді.
Алексей Цой қызметте жүріп жарақат алған. Техника жөндеу орталығының қызметкеріне әріптестері дереу жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Жағдайым ауыр болса да, барған ауруханалар қабылдамай сандалтты, дейді. Қаладағы медицина мекемелері облыстық тіркеу деп кері қайтарыпты.
«Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының науқастарды қабылдау бөлмесінде екі сағаттай отырдым. Сол уақытқа дейін ешкім көмек көрсетпеді. Тиісті укол салмағандықтан, кейіннен жағдайым тіпті ауырлап кетті. Қолым иығыма дейін ісіп, қызуым 40 градусқа дейін көтеріліп кетті», - деді Алматы облысының тұрғыны Алексей ЦОЙ.
Алексейдің сөзінше, уақытылы көмек көрсетілмегендіктен, қолы іріңдей бастаған. Дәрігерлер ота жасап, қолының барлығын тілімдеп тастапты. Кейіннен ауруханадан шығарды дейді Алексей. Бір күн өтпей өзін нашар сезінген ол қайта жедел жәрдем шақырып, алғаш көмек көрсеткен ауруханаға қайта түскен. Бұл кезде ақ халаттылар жарасын қайта таңып, үйіне жіберген.
«5 күн өткен соң қолым қайта мазалады. Қаңсырап жедел жәрдем шақырттым. Қолымды төмен түсірсем болды қайта-қайта қан кете берді. Амалым таусылғандықтан, бас дәрігерге жүгінуге тура келді. Бас дәгер бөлім жетекшісін шақыртып, оған ескерту жасап, тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Дегенмен, үшінші жолы да ештеңе өзгермеді. Қажетті көмекті бұл жолы да алмадым», - деді Алматы облысының тұрғыны Алексей ЦОЙ.
Үшінші рет ауруханаға түскенде тіпті бас бармағынан айырылған. Дәрігерлер қолымды толығымен кесуге әрекеттенді дейді. Ақ халаттылар бұл шара оның өмірін сақтап қалу үшін жасалғанын айтуда.
«Ампутациялау тек басқа амал болмаған кезде ғана жасалады. Алексейдің жағдайында біз бұл шешімді алқа және комиссиялық шешімнен кейін ғана саусағын алып тастадық. Отадан кейін жағдайы жақсы болды. Ірің толығымен тазаланды. Қалған саусақтарының барлығы істеп тұрды. Толық жазылған соң, ауруханадан шығарылды», - деді ШЖҚ «Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы» МКК хирургия бөлімшесінің жоғары дәрежелі дәрігер-хирургі Нұрлан РАХИМОВ.
Ал Алексейдің ауруханадағы дәрігерлердің жұмысына мүлде көңілі толмады. Себебі отадан кейін, қолы толығымен жансызданып қалған. Алексей содан бері аурухана қызметкерлерінің салғырттығын дәлелдей алмай келемін дейді. Себебі оқиға екі жыл бұрын болған. 38 жастағы жігіттің 7 жасар ұлы бар. Отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан, қолымды емдеп берсе деп тілейді ол.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы