Әуезов ауданының тұрғындары балтырдан балшық кешіп жүр. Ондағы тас жолдың талқаны шығып, қалың қар ерігенде жер иі қанған қамырдай иленіп жатыр. Сөйтсе, су мен кәріз құбырларын жүргізген мердігер компания қопарған жерлерін қайта көмбей кеткен. Тіпті, ойықты қоршамапты. Салдарынан тұрғындар жүргінші жолымен жүруден қалған. Балаларын да тысқа шығарудан үркеді. Ал, әкімдік қызметкерлері бұқара шағымын елемей келеді.
«Ақсай» ықшамауданының тұрғындары ақпан айынан бері жол азабын тартып келеді. Әсіресе, көктем шыққанда оның қиындығы анық байқалған. Қазір жұрт үшін көшеге шығудың өзі мұңға айналыпты. Абырой болғанда, тайып жығылған жүргінші жоқ. Бірақ жүргізушілер жандарын шүберекке түйіп жүр. Өйткені, ойдым-ойдым жерде өзге көліктермен түйісіп қаламыз ба деп қорқады. Одан қалды, шыланған батпақта жиі тұрып қалады.
«Біздер қалай болса да көлігіміз болғаннан кейін жүреміз ғой. Жүргенмен де машинаның өзі тіреліп қалады. Басқа машиналар күнімен-түнімен батып жатады. Кездескенде тартып, шығарып жібереміз. Өрт болса немесе біреу ауырып қалса келе алмайды көлік. Сондай қиын жағдай», - деді тұрғын Байтемір ҒАЛЫМЖАН.
Халық көшені «әкімдік қазамыз» деген соң ғана келісімдерін берген. Бірақ жағдайдың соңы осылай аяқталарын білмедік деп налып отыр. Мәселенің анық-қанығын білмек болған жұрт барлық құзырлы органдарға хабарласып көрген. Бірақ, ол әрекеттерінен түк шықпапты.
Белгілі болғандай, жөндеу жұмыстары Алматыдағы «Алтын бесік» пен «Достық» шағын аудандарына cу мен кәріз құбырларын тарту мақсатында жүрзігіліп жатыр. Әуезов аудан әкімдігі тұрғындардың мәселеге түсіністікпен қарауларын сұрап, қолайсыздықтың тек уақытша екендігін айтып отыр.
«Қазіргі уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға біршама қиындықтар туғызғанын енді әрине көзбен көріп тұрмыз. Қазіргі уақытта тапсырыс берушімен және өзіміздің жергілікті Әуезов аудандық әкімдігі тарапынан ертең уақытша болса да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Айдын ТҰРСЫНОВ.
Әуезов ауданы әкімдігі балшыққа батқан көшеге алдымен құм мен тас төсеп бермек. Ал күн жылынғанда сыйқы қашқан жолды бірден асфальттап беруге уәде етті. Мердігер мекеме жұмысын ары қарай да сапасыз атқаратын болса, оларға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы