Астанада экскаватор астында қалған жігітті дәрігерлер өлімнен арашалап қалды

24.08.2018 22:31

Астана дәрігерлері экскаватордың астында қалып, аса көп қан жоғалтқан азаматты аман алып қалды. Осылайша, ақ халаттылар 25-жастағы жігіттің аяғына қайта жан бітірді.

Төрт сағатқа созылған отадан кейін, енді тағы операция жасалуы қажет екен. Тепсе темір үзетін азамат бұл жағдайға қалай тап болған? Оның  қазіргі  халі қалай?    

Өз эскаваторын жөндеймін деген Бекзат Мінімхазиев екі апта бұрын өлім аузынан аман қалыпты. Абайсызда құрылыс көлігінің шөміші сол аяғының тізесіне түсіп кетіп, екіге бөліп жіберген. Сауылдап аққан қанды әріптестері тоқтатып, ең жақын маңайдағы ауруханаға жеткізгенімен, ондағы ақ халаттылар тиісті көмек көрсете алмаған. Арада бір сағат өткенде өмір мен өлімнің ортасындағы азаматты Астананың Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтынң  дәрігерлері қабылдап алған. Төрт сағат бойы қайта-қайта құйылған алты литр қаннан айырылған Бекзаттың өміріне араша түскендер нәтижесінде, қақ айырылған аяққа қайтадан жан бітірген.

«Ең алғаш операциядан, комадан шыққаннан кейін ауырлау болды. Үш-төрт күн ауырлау болды. Аяғым ауырып, қозғалмай, 7 күн реанимацияда жаттым. Қазір отыра аламын. Аздап қимылдаймын. Енді аяққа тұрып, жазылғаннан кейін басқа жұмыс істейсем бе деп ойланып жүрмін», – деді Бекзат МІНІМХАЗИЕВ.

Ағзадағы бар қанды жоғалтқан соң аман қалу – 100 мың адамның біреуіне ғана бұйырады дейді дәрігерлер. Отаға қатысқан он екі дәрігер Бекзаттың өмірге деген құштарылығына таңдануда. Жас жігіттің денсаулығы реттеліп, толықтай сауығып кетуіне әлі бірнеше ай мен екінші мәрте ота қажет.

«Төрт хирург, үш анестезиолог, бес мейірбике болып отаны жасағанда үлкен ұқыптылық таныттық. Операция жасамас бұрын оған 7 литрден артық қанның орнын басатын плазманың 10 түрін құйдық. Жарақаты ауыр болғандықтан өмірге маңызды сұйықтық қайта сыртқа төгіліп жатты. Қан қысымын реттеп, тыныстауы қалпына келгеннен кейін, үзілген тамырларды қайта жалғадық. Төрт сағат арпалыс жақсы нәтижемен аяқталды. Аяғы қайта қимылдай бастады. Алдағы оңалу мен ота жасау кезеңдері бар», – деді Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының анезтезиолог дәрігері Павел ОСТАНИН.

Бекзат қазір арнайы темірлермен бекітілген аяғын қозғалтып, жаттығулар жасап жүр. Баяғы қалпына асыққан жас жігіт өз күшіне және болашағына сенімді. Толық сауыққаннан кейін жұмыс орнын ауыстырудан өзге, үйлі болғысы да келеді екен.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана