Жоғары оқу орындары ақылы білімнің бағасын өздері белгілейтін болады

26.04.2018 00:45

Білім және ғылым министрі медициналық университеттен шығарылған 117 студенттің дауына қатысты пікір білдірді. Аталмыш ведомство басшысы бұл мәселенің шеті өткен жылы қылаң берген деді. Осыған орай, министрлік арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде Астана медициналық университетінде білім алып келген 100-ден астам студент жалған «IELTS» сертификатымен оқуға түскені анықталыпты.

Шынында да Астананың медициналық университетінде шыққан дау қазіргі кезде қоғамның назарына іліккені белгілі. Десекте, әңгіменің әу басын Мәжілісте қарастырған білім саласындағы маңызды жобалардан бастасақ. Еліміздің Бас мұғалімі Ерлан Сағадиев бүгін депутаттар алдында мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындарын мемлекет 100 пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік ұйымға айналдыруды ұсынды. Әрі, білім орындарына академиялық еркіндікті 65 пайыздан 85 пайызға дейін кеңейту қажет екенін атап кетті. Бұл өз кезегінде білім ошақтарының еңбек нарығына сай кадрларды дайындауға мүмкіндік береді дейді. Яғни, студенттер алдағы уақытта негізгі біліммен бірге қосымша мамандық алып шыға алады. Бұл да жаңашылдықтың бірі болмақ. Ол «Мэйдже» және «Майна» білім беру бағдарламасы бойынша іске аспақ.

«Қазіргі кезде кадрларды дайындау мамандықтар классификаторына сәйкес жүргізілуде.Онда 600-ден астам мамандық бар.Олардың көбі еңбек нарығы үшін өзекті болмай отыр. Еңбек нарығының талабына кадрлардың сәйкес келмеуі ЖОО және одан кейінгі мамандықтар классификаторына жаңа мамандық енгізудің ұзақ процесіне (6 айдан 1 жылға дейін созылады) байланысты болуда», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері заңда қарастырылып отырған жалғыз мәселе емес. Бұдан бөлек, Министр оқу бағасын университеттер өздері анықтасын дейді. Демек, бұрындары білім ошақтары «гранттың құнына» сәйкес бағаны белгілеген. Жаңа заң жобасына сәйкес, бұл талап мүлде алынып тасталмақ.

«Біз грант береміз ғой. Оның бағасы өзгермейді. «Елімізде білім алу өте арзан» деген пікірде жүргендер аз емес. Сонымен қатар, «қымбат» дейтіндер де бар. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы ақылы бөлімдердің баға мен білім сапасын өздері анықтағаны жөн деп ойлаймыз. Бірақ басым бөлігі, әрине, грантқа түседі», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Жиын аяқталғаннан кейін Сағадиев студенттер дауына қатысты да пікір білдірді. Белгілі болғандай, білім сапасын тексеру комитеті былтыр Астананың медициналық университетінің жұмысын арнайы тексеруден өткізген. Сол кезден бастап тәлімгерлер тапсырған «IELTS» сертификаттары жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде 100-ден астам жалған құжат анықталып отыр.

«Көбісі сотқа беріп, өздерінің құқығын қорғау ретінде жұмысын жасап жатыр. Бірақ біздің ойымызша, регламент бойынша сол студенттерді оқудан шығарып тастау, ең алдымен босату керек», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Ерлан Сағадиев бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі де араласатын айтып өтті. Екі ведомство біріге отырып, тәлімгерлер жағдайын талқыға салмақ. Арнайы комиссия құрылып, заңдық тұрғыда студенттер мен қатар, жоғары оқу орнының жауапкершілігін анықтайды. Осы орайда, Бас мұғалім алдағы уақытта мұндай шиеленістің орын алмауы үшін білім ошақтары өз бетінше «IELTS» және «TOEFL» сетификаттарын тексеріп отыруыс тиіс дейді.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан