Димаш Құдайберген туризм елшісі болды

01.06.2018 22:12

Sputnik. Әнші Димаш Құдайбергенге "Қазақстан Республикасының туризм жөніндегі елшісі" мәртебесі берілді, деп хабарлады Елорда инфо "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсім Ақтөбе қаласында әншінің "Димаштың Отаны" атты турына қатысушы 10 мемлекеттен келген жанкүйер топтардың жетекшілерімен кездесу кезінде өтті.

Димаш Құдайбергенге ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы атынан "Қазақстан Республикасының туризм жөніндегі елшісі" мәртебесін "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев табыстады.

"Бір жарым ай бұрын футболшы Месси әлем туризмінің елшісі атанды. Бізде Димашқа қазақстандық туризм елшісінің сертификатын ұсынып отырмыз. Ол өз елінің патриоты", — деп атап өтті "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Димаш нағыз патриот бола тұра, өз концерттерінде және БАҚ көздерінде әрқашан фанаттарын Қазақстанға шақырып жүреді. Турдың идеясы да осыдан шыққан. Ал маршрут құрамына Димаш шетелде үнемі айтып жүретін туған қаласы Ақтөбе, елордамыз Астана және ең үлкен қаламыз Алматы кірді.

"Димаш Құдайберген туризм елшісі ретінде Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілетуді және әлемнің түпкір-түпкірінен өз тыңдармандарын елімізді көруге шақыруды белсенді түрде жалғастырады деп күтілуде", — деп жазылған хабарламада.

Жалпы тур әншінің балалығы мен шығармашылығымен байланысты жерлерге баруды, мысалға Ақтөбедегі мектебін көруді, сондай-ақ әртістің жақындары мен туыстарымен түрлі кездесулерді, Димаштың ұстазы, әрі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовтың мастер-класы және тағы басқаны қамтиды.

Бүкіл әлемнен келген Димаштың табынушыларына арнап осындай турларды отандық туроператорлар тұрақты түрде өткізетін болады. Ал осы турлардан түскен қаржының бір бөлігі келешекте Димаш брендін әлемдік деңгейде одан әрі нығайтуға және өрлетуге бағытталады.