Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлерімен кездесті. Жиында халықаралық ұйымның маңыздылығы мен оған мүше мемлекеттердің қатары көбейіп келе жатқаны сөз болды. Қазақстан президенті 15 жыл бұрын құрылған ұйымға Үндістан мен Пәкістан елдері жуырда мүше болатынын айтты. Сөйтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жер шары тұрғындарының 40 пайызын біріктірмек. Ондағы ой - барлық мәселелерді консенсус арқылы шешуге негізделген «Шанхай рухын» сақтау.
«Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысының оң қарқыны «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасының дамуына байланысты болып отыр. Бұл бағдарламаға ұйым мүшелерінің барлығы, ең алдымен, Қытай Халық Республикасының жақын көршісі Қазақстан қолдау көрсетуде», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.