Елімізде ІТ мамандарын мектеп қабырғасынан даярлау көзделіп отыр

19.02.2018 21:49

Елімізде өткен жылы суицидті, лаңкестік әрекеттер мен экстремизмді дәріптейтін тоғыз мыңға жуық қауіпті сайттар бұғатталған. Бұл туралы  Ақпарат және коммуникациялар министрі кеңейтілген коллегия отырысында мәлімденді. Жиын барысында шенділер  «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жеделдетіп іске асыру жолдарын да қарастырды.Белгілі болғандай,  ІТ саласы  мамандарын енді мектеп қабырғасынан даярлау көзделіп отыр.

Өткен аптадаға өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент біраз шендіні сілкіп алған еді. Ескерту алғандары жауапкершілікті күшейтіп, іске керіскен. Енді бірі, қол астындағыларын жинап коллегия өткізіп, алға қойған мақсаттармен бөлісе бастады.Бұл жолы Ақпарат және коммуникациялар министрі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Мәліметке сенсек, ел тұрақтылығына, адамның өміріне қауіп төндіретін сайттарға деген бақылау артып, біразына тосқауыл қойылған.

«Өткен жылы терроризм мен діни экстремизм, суицид, зорлық-зомбылықты насихаттайтын 9000-ға  жуық сайттың жұмысы тоқтатылды.Әлеуметтік желілерде  осы сарындағы 230 мың материал жойылды», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Министрдің сөзіне сенсек, өткен жылы Қазақстан 137 елдің ішінде ғаламторды қолдану деңгейі бойынша 5 сатыға көтеріліп, 36 орынға жайғасқан.Әрі, алдын ала болжам бойынша ғаламторды пайдаланатын адамдар саны биыл 78 пайызға жетпек.Демек, сұраныс күннен күнге артып келеді. Осы тұста, кәсіби деңгейі жоғары маман тапшылығы тілге тиек етілді. Вице-министр Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүйелі түрде іске асыру үшін білімді кадр қажет. Демек, маман даярлау ісі мектеп қабырғасынан басталып, жоғары оқу орнында жалғасуы тиіс.

«Менің ойымша, Елбасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын нақты бекіткеннен кейін іске асатын бағыттар айқындалады.Оны қолданысқа енгізу үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Білімді кадрсыз оны жүзеге асыру қиын екені мәлім. Білім министрлігімен бірге ректорлармен кездесіп, бағдарламаның өзгеріп жатқанына көз жеткіздік. Яғни, енді төменгі сыныптардан бастап оқушылар компьютерді жетік меңгеретін болады», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Сонымен қатар, осы бағдарлама шеңберінде жыл соңына дейін 18 млн жуық түрлі анықтама қағаздары құжаттар айналымынан алынып тасталмақ. Осыған дейін, 2 млн жуығы қысқарған болатын.Демек, алдағы уақытта «Халыққа қызмет көрсету» орталықтарына түсетін жүк жеңілдейді. Себебі, ел тұрғындарына қажетті құжаттарды онлайн тәртіпте алуға мүмкіндік туады. Жаңашылдық  ең алдымен темір тұлпар тізгіндеушілер мен бала күтімімен отырған аналарды қамтуы ықтимал.

«Біз арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлікті тіркеу кезінде туындайтын жәйттарды жақсы білеміз. Ішкі істер министрлігімен де тығыз жұмыс жасап жатырмыз.Жыл соңына  дейін, темір тұлпарды азаматтар аталмыш орталыққа келмей-ақ тіркей алатын болады. Яғни, ғаламтор арқылы қажетті затқа тапсырыс бересіз. Ал «Қазпошта» жеткізеді», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Алқалы жиында Дәурен Абаев аудан орталықтарындағы байланыс пен интернет  сапасын тексеруді тапсырды.Сөзіне сенсек, өткен жылы  4G жылдам ғаламтор желісімен 50 мыңға жуық тұрғыны бар елді-мекендер қамтылған. Министр алдағы уақытта  ауыл аймақтарда «талшықты -оптикалық байланыс құрылысының» басталатынын ескертті.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан