Еліміздің Қорғаныс министрі VI-шы Мәскеу конференциясының жұмысына қатысты

28.04.2017 14:32

Еліміздің қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов халықаралық қауіпсіздік бойынша VI-шы Мәскеу конференциясының жұмысына қатысты. Ауқымды форумда лаңкестікпен күрес мәселесі, Еуропадағы және Таяу Шығыстағы қауіпсіздік проблемалары, Азия-Тынық мұхиты өңірі мен Орта Азиядағы ахуал жайы сөз болды. Конференция жұмысына 750-ден астам адам қатысты. Олардың арасында 86 мемлекеттен сарапшылар қоғамдастығының және халықаралық ұйымның өкілдері бар. Алқалы жиында сөз алған әскери ведомство басшысы  еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қауіпсіздік мәселелерін көтеруге ниетті екенін жеткізді.

«Бүгінде лаңкестік және экстремизмге қарсы күрес халықаралық күн тәртібінің негізгі тармағына айналды. Терроризм трансұлттық сипатқа ие болып отыр, бірде-бір мемлекет теракт қаупінен қорғалмаған. Қазақстан әлем мен өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жағдай туғызуға ықпал жасауда. Лаңкестікке тек жұмыла қарсы тұра аламыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, Астана Сириялық шиеленісті ретке келтіру бойынша саяси диалогтың алаңына айналды», - деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ.