Гамбург қаласының астан-кестеңі шықты

11.07.2017 16:05

Әлемнің дамыған ірі мемлекеттері кіретін үлкен жиырмалықтың саясаткерлері ғаламдық мәселелерді талқылап жатқанда Гамбург қаласының астан-кестеңі шықты. Бейбіт шеруге шыққан жұрттың қарсылық шарасы жаппай тәртіпсіздік тудырды. Шерушілердің көбі әлемде болып жатқан келеңсіз мәселелерге, терроризмге үлкен жиырмалыққа кіретін елдерді кінәлаған.

Шағылған әйнектер, жанып кеткен автокөліктер мен тұтанғыш заты бар сынған бөтелкелер - бұл Гамбург қаласының қазіргі кейпі. Әлемдік көшбасшылар күнтәртібіндегі жауыр болған мәселелерді шешумен әлек болса, көшеге шыққан антиглобалистер қаланың тас-талқанын шығарды. Бейбіт наразылық шеруінің арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, шеру Германиядағы бұрын соңды болмаған жағдай деп саналды.  

«Бұл өздерін өте жауыз етіп көрсеткен қарулы қылмыскерлер. Тіпті Германияның ең тәжірибелі полиция қызметкерлері мұндай жағдаймен бұрын соңды кездеспеген еді»,- деді Гамбург қаласының ішкі істер министрі, Энди ГРОТЕ.

«Алдын ала ескеретін жайт, мынау қолымдағы болаттан жасалған оқ. Біз мұны Бременнен жіберілген суатқыштардың ішінен таптық»,- деді Саммит кезіндегі полициялық операциялардың басшысы, Хартмут ДУДДЕ.

Қарсылық шаралары  екі күнге созылып, саммит аяқталғанша жалғасты. Енді құқық қорғау орындары бұзақылық жасағандарды жазалауға бекініп отыр. Соңғы деректер бойынша, елдің 500-ге жуық тәртіп сақшысы зардап шегіп, ал 200-ге жуық шеруші тұтқындалған.

«Ұсталған құқық бұзушылар мен тағы тұтқындалатындар сот алдында жауап беретін болады. Олар лайықты жазасын алады деген үміттемін»,- деді Гамбург қаласының мэрі, Олаф ШОЛЬЦ.

Саммитке келер болсақ, қатысушылар әлемдік сауда мен энергетикалық қауіпсіздік жайларын талқылап, терроризммен күресті күшейтуге және көші-қон мәселелерін шешуге уағдаласты. Ал Джи20-ның (үлкен жиырмалықтың) келесі саммиті келесі жылы Буенос-Айресте өтпек.

Назкен Байтілес, «Алматы» телеарнасы (Германия, Гамбург)