Өнім сапасы: Алматыда әрбір тонға код жасалады

Өнім сапасы: Алматыда әрбір тонға код жасалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда сатылымдағы 22 мыңнан астам тонда таңбалау белгілері жоқ. Бүгінгі күні 139 кәсіпкер тері бұйымдарын бақылау кодын алуға өтініш жолдапты. Бұл пилоттық жоба өткен жылы қолға алынған. Ал енді елге жеткізілетін барлық аң терісінен тігілген сырт киім міндетті түрде таңбаланатын болады.

Сауда орындарындағы тондар мен тері өнімдерінен тігілген киімдердің түрінен көз сүрінеді. Бағалы киімнің қай аңның терісінен тігілгенін ажырату қиын. Саудагерлер қоян терісін құндыздікі,-деп сатып, тұтынушылардың біразын алдаған.  Бұдан былай бағалы киімдер таңбаланатындықтан, ондай әрекетке жол берілмейді.

«Қымбат бағаға тон сатып алып, құндыз терісі,- деп сенгені, кейіннен қоян терісінен тігілгені анықталғанын жиі еститінмін. Содан кейін жалғанға ұрынамын ба деген күдік болатын. Ал енді олардың барлығы қазір таңбаланып жатыр. Сол арқылы тонның қандай теріден тігілгенін, өндірген мемлекеті мен жеткізушісі жөнінде ақпаратты толық ала аласың»,-деді Әсел КЕНБАЕВА.

Тері бұйымдарын бақылау белгісін орнату былтырдан бері қолға алынды. Пилоттық жоба көлеңкелі бизнесті жойып, тұтынушыларды алаяқтардан қорғауға мүмкіндік береді. 

«Аң терісінен тігілген барлық сырт киімдер таңбалануы тиіс. Ал егер киімнің тек жағасына, қалтасына, яғни тек кейбір бөлшектеріне ғана тігілген болса, оған арнайы белгі қоюдың қажеті жоқ»,-деді Алматы қаласы Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары УӘЛИХАН ӘЛІБЕКОВ.

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 22 мың тонда таңбалау белгілері қойылмаған. Бұл шаһарға бұған дейін жеткізілген тауардың саны. Бүгінгі күні 139 кәсіпкер тері бұйымдарына бақылау кодын алуға өтініш беріпті.


Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров