Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы басшылық еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленді

07.03.2017 16:17

Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрлігіне қарасты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев басшылық еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының хабарлауынша, Нұрабаев Қазақстан Республикасының территориясы бойынша жер қойнауын пайдалануға келісім шарт жасау үшін кәсіпкерлерден аса ірі көлемде пара алу үшін қылмыстық жоспар құрған. Бұл схемаға Комитет төрағасының сенімді адамдары тартылғаны анықталған. Төраға орынбасары Ниязбек Құрбанов, «Қазжерқойнауы» және «Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті басшылары Абат Наржаубай және Ербол Әділханов, «Казгеоинформ» мемлекеттік басқарма басшысы Азамат Өтегенов, Маңғыстау облыстық геология инспекциясының басшысы Мутан, сондай-ақ комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тартылған. Сонымен қатар, Нұрабаевтың сенімді өкілі және сыныптасы Әбдрашев та сыбайлас болған. 6 наурызда Базарбай Нұрабаев «Акмола Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілінен мемлекеттік жер қойнауын зерттеуге келісімшарт жасасуға көмектескені үшін кезекті рет 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған.  Комитет басшысы алған параның жалпы көлемі 100 мың доллардан асады. Қазіргі уақытта Нұрабаев оның орынбасары Құрбанов пен қылмыстық топқа қатысқан 16 адам Астанадағы уақытша ұстау абақтысына қамалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр.