Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылды

19.10.2017 21:56

Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылды. Өзге елден келетін меймандарға қаланың көрнекті орындарын жарнамалайтын мекеме жұмысымен шаһар әкімі Бауыржан Байбекте танысты. Визит орталықтың қызметкерлері бір терезе жүйесі бойынша қызмет көрсетеді. Олар туристерге Алматының айшықты орындары туралы мағлұмат беріп, меймандардың бағыт-бағдарларын айқындайды. Қалада өтіп жатқан мәдени шаралардан да құлағдар етеді. Одан бөлек, туристермен бірге экскурсияға шығып, кәде-сыйларды қайдан алуға болатындығын да көрсетіп береді. Ұлттық тағамдарды әзірлейтін мейрамханалардың тізімін жасақтайды. Қазір визит орталықта 23 адам қызмет етеді. Барлығы шет тілдерді жетік меңгерген мамандар.

«Мұндай орталықтар Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сынды туризм саласы жақсы дамыған қалаларда бар. Алматыдағы мекемені солардың тәжірибиесіне сүйене отырып аштық. Орталық ресми түрде ашылғанымен, жұмысымызды 1 жарым ай бұрын бастап кеткенбіз. Аз ғана уақытта біздің көмегімізге 109 турист жүгініп үлгерді. Олардың көбі Медеу, Шымбұлақ, Үлкен Алматы көлі мен Шарынға баруға құлшыныс танытты»,-деді Туристік ақпараттық орталықтың директоры, Әсел НҰРКЕБАЕВА.

Орталық қызметкерлері туристерге тегін түрде қызмет көрсетеді. Олар қазір ресми сайттарын жетілдіріп жатыр. Ашылған кезде, ақпараттарды 7 тілде тарататын болады.