Еліміздегі азаматтардың зейнетақы жинағының жалпы сомасы 7 трлн. теңгеге жетті. Бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 309,6 млрд. теңгеге, яғни 4,6 пайызға өскен. Ал соңғы бес айда салымшылардың шоттарына үлестірілетін таза инвестициялық табыс 114,4 млрд. теңгені құраған. Бұл туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кезекті баспасөз жиынында белгілі болды. Сондай-ақ қаңтар-мамыр айлары аралығында қордан төленетін зейнетақы төлемдерінің сомасы 106,03 млрд. теңге болған.
«Зейнетақы төлемдерінің қайда жұмсалғанын нақтырақ айтсақ: жиналған қаржының 73 пайызы - зейнеткерлік жасқа толуға байланысты берілді. 1,5 пайызы - 1 және 2 топтағы мүгедектерге, 6,9 пайызы - шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға, 8 пайызы - мұрагерлерге төленген төлемдер», - деді БЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле ЕГЕУБАЕВА.
Сонымен қатар, зейнетақы қорының қызмет көрсету орталықтарында 5 айдың ішінде шамамен 3 миллиондай операция жасалған. Соңғы уақытта халық қордың электронды қызмет түріне көптеп жүгініпті. Ал шілдеде зейнетақы қорының электронды қолданушылары тағы жаңадан іске қосылатын қызметтер арқылы қашықтықтан өтініш бере алады.
«Салымшылар енді электронды түрде жеке зейнетақы шотын ашу үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерін бере алады және төлемдерді аудару жөніндегі өтініштің орындалуын қадағалай алады. Бұл қызметтер жеке кабинетте қолжетімді. Өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет», - деді БЖЗҚ басқарушы директоры Жанар ТӨЛЕГЕНОВА.