Ұлттың рәміздерін мәңгі таңбалау үшін елден 900-ға жуық жоба қабылданған

06.06.2017 15:41

Ұлттың бас рәміздерін мәңгі таңбалау үшін елден 900-ға жуық жоба қабылданған. Мемлекеттік рәміздер ресми түрде қабылданғанға дейін қандай үлгіде болған? 25 жыл болған Мемлекеттік рәміздерді ойлап табуда қандай идеялар ұсынылғандығын тілші тарқатсын.

Бұл мемлекеттік рәміздердің керек екені туралы ең алғаш рет Елбасына жазылған хаттардың түпнұсқасы. Онда белгілі академиктер Манаш Қозыбаев пен Сұлтан Сартаевтың жазған ұсыныстары бар. Хаттар еліміз егемендік алмай тұрған кезде, яғни 1990 жылдар жазылған екен. Демек, сол кездің өзінде еліміздің бас нышанын таңдау идеясы туындаған.

Ресми түрде елдің бас белгілері 1992 жылы қабылданғанымен, шынтуайтына келгенде, мұндай идея сонау тоқсаныншы жылдың алғаш ширегінде-ақ пайда болған. Бұған Манаш Қозыбаевтың Елбасыға 90-шы жылдың 18 маусымында жазған хаты дәлел бола алады.

«Өзінің хатында Манаш Қозыбаев еліміздегі совет одағындағы соңғы уақыттардағы болып жатқан өзгерістерге байланысты елдің Гимні менен Елтаңбасын ауыстыру керектігін дәлелді түрде келтіреді. Мұндағы негізгі себеп - жеке басқа табыну кезінде жазылған сол уақыттың идеологиясын, сталинизм уақытының практикасын әсірелейді. Сол себептен жаңа мемелкеттің гимнін жасап шығару маңызды деген сондай мәселені көтерген», - деді ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис ЖАПАРОВ.

1992 жылдың қаңтарында мемлекеттік рәміздердің үздік жобасына конкурс жарияланады. Сонда Ту жобасы бойынша 453, Елтаңба үлгісіне 245, Әнұран бойынша 51 музыкалық және 132 мәтіндік нұсқа келіп түседі. Жобалар дауысқа түсіп, 266 депутаттың 237-сі Жандарбек Мәлібековтің еңбегін қолдайды. Ағамыз бүгінде Елтаңба идеясын қазақтың киіз үйімен байланыстырғандығын айтады.

«Мен осы киіз үй арқылы қазақтың деформацияға ұшыраған, кейінгі кезде қолданыста аз болып келе жатқан ғасырлар бойы қолданған киіз үйдің тұлғасын, архитектурасын қайтып әкелдім десем де болады. Даналар да, билер де, хандар да сол киіз үйдің ішінде. Соның ішінде алған тәрбие бірлестік, сыйластық, қонақжайлық барлығы соның ішінде тұр. Біз сол нәрсеге қайтып келуіміз керек деп ойлаймын», - деді ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек МӘЛІБЕКОВ.

Қазақ тарихында әр елдің, әр рудың өзіне тән таңба белгісі болған. Мәселен тарақ таңбасы билік мәнін білдірген. Сондай-ақ шөмісті, көсеулі таңбалар да болғанын шежіреден білуге болады. Бұл таңбаларды да сәулетші өз туындысына қосуды да ойлаған көрінеді.

«Ғұн дәуірі, сақ дәуірі, хандық дәуір дейміз сол кезде таңбалар болды, қарым-қатынас жасау үшін. Тәуелсіздік алғандай қандай болуы керек деген де әрине ойланасың. Таңбалы тастардағы қиял-ғажайып ертегілерге байланысты күн іспетті, аң іспетті әрине ойда жүрді», - деді ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек МӘЛІБЕКОВ.

Алғашқы ұсынылған Елтаңба жобаларының көбі ауыл шаруашылық саласына аса мән беріліпті. Ал Туда түрлі-түсті бояу үстіне ай мен жұлдыз бейнеленсе, енді бірінде мәңгіліктің символы ретінде сегіз бұрышты жұлдыз алынған.


Назкен Байтілес, Әсет Құндакбаев, «Алматы» телеарнасы