Қақпанға түсіп, аяқтарынан айырылған тиінге протез орнатылды

06.04.2018 16:30

Мысырдағы әуе шарлары араға бес жыл салып қайта көкке көтерілді. Ел Үкіметі 2013 жылғы қайғылы оқиғадан кейін туристер ағылатын бұл шараны уақытша тоқтатқан еді. Сол кезде 19 саяхатшы көз жұмған болатын. Ал Түркияда тиінге протез салынса, Үндістанға мыңдаған турист қызғалдақтар егістігін тамашалауға жиналып жатыр.

Мысырдың Луксор қаласында құлқын сәріден адамдар қарасы қарақұрым. Олар әуе шарларының көкке көтерілгенін күтуде. Бұл күні тынық ауа райы да қолайлы жағдай туғызып отыр. Туристердің ағылуына жақында болған қайғылы оқиға да кедергі келтірмеген. Қаңтар айында қатты желдің салдарынан сол кезде бір саяхатшы қаза тауып, он екісі жараланған еді. Көкке көтерілген шарлардан ескі қаланың көрікті жерлері бір алақанға сыйып кетердей әсер қалдырады.

Ал Түркияда қақпанға түсіп, аяқтарынан айырылған тиінге протез аяқ орнатылды. Қазір ол жаңа құрылғыға үйрену үстінде. Әзірге дөңгелегі бар протез кейін басқасына алмастырылады. Олар шынайы аяқтардан аумайтын болады, дейді дәрігерлер.

«Біз үшін тиіннің протезге деген көзқарасы маңызды. Өйткені жабайы жануар бақылауда. Оның денесіне қосымша элемент орнаттық. Бұл ол үшін уақытша қолайсыздық тудыруы мүмкін», - деді ортопед Мустафа ГУЛЬТЕКИН.

15 гектар алқапқа егілген қызғалдақтың 50 сортынан миллион 250 мың гүл өсіп, егістікті түрлі түсті кілемге айналдырды. Үндістанның Кашмир провинциясына қазір мыңдаған турист осы көріністі тамашалауға арнайы келеді екен. Саябақ әкімшілігінің айтуынша қызғалдақ алқабы туристік маусымды едәуір ұзартқанын айтуда.

«Қызғалдақ бағы Кашмир қаласының экономикасына жақсы әсер етуде. Оның негізгі мақсаты туристік маусымды ұзарту болды. Бұған дейін саяхатшылар мамыр айынан бастап келе бастайтын. Енді ұзақ күтпей, наурыз-сәуір айынан бастап келіп жатыр», - деді қызғалдақтар алқабының бағбаны Джавид МАСУД.

Түрленген қызғалдақтар алқабын жергілікті тұрғындар «Жердегі жұмақ» деп атайды. 

Азамат Әуезхан, Алматы телеарнасы