Елбасы Жапонияның үкімет басшысы Синдзо Абэмен келіссөз жүргізді

09.11.2016 16:14


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның үкімет басшысы Синдзо Абэмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақ Орданың баспасөз қызметі хабарлады. Екі жақты кездесуде қос елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстары талқыланды. 2015 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара тауар айналымының көлемі бір жарым миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш әлі де ұлғаяры сөзсіз. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан - Жапонияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін мәлімдеді. Басқосуда тараптар 4 бірдей маңызды құжатқа қол қойды.

«Бүгінде Жапония - мемлекетаралық қарым-қатынастың, соның ішінде Орталық Азиядағы мемлекетаралық қарым-қатынастың лайықты архитектурасын қалыптастыру үдерісіне қатысушы басты елдің бірі. Біздер Біріккен Ұлттар ұйымының тұрақты емес мүшелеріміз және бірлескен жұмысымызды ядролық қарусыз әлем үшін күреске арнауға уағдаластық. Бұл - жалпыадамзаттық міндет», - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.