Қазақстандық мергендер халықаралық әскери ойындарда жақсы көрсеткішке қол жеткізді

09.08.2017 15:45

Жамбыл облысында шартараптан келген сарбаздар өзара мықтыны анықтап жатыр. Жауынгерлер алыстағы нысананы көздеп атудан, артилериялық жарыстан сайысқа түсті. Бұл әскери ойындардың ақтық сыны еді. Сонымен Отардағы сайыста кім озат атанды?

Жарыстың соңғы күнінде жауынгерлер екі түрлі сайыстан сынға түсті. Бірі - мергендер шебі болса, екіншісі - артилериялық атыс шебері. Қос сайыста да біздің әскерилер топ жарды.

Мергендер шебі жарысында жауынгерлер жаяу түрлі кедергіден өтіп, бірінші кезеңде тапаншадан атты, екіншісінде мергендер қаруымен 300 метр қашықтықта орналасқан нысананы көздеді, соңғысында қол гранатасын лақтырды.

Осы тапсырмаларды орындағаннан кейін жауынгер динамикалық қабырғаны еңсеріп, 16 килограмм оқ дәрі қорабын 20 метр көтеріп жүгіруі тиіс. Бұл сайысты Қазақстан сарбаздары бірінші болып аяқтады.

«Бірінші кезеңде де бірінші орын алдық. Екінші кезеңде де бірінші орын алдық. Үшінші кезең қорытындыға байланысты. Екеуіне қарайды да үшіншісінің қорытындысын анықтайды», - деді аға сержант Ерқанат  ҚҰДАБЕКОВ.

Ал, артилериялық атыс шебері ақтық сайысында Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Белорусь әскерлері жарысты. Олар мынадай көпфункционалды жеңіл брондалған көлікпен түрлі кедергілерден өтті.

Содан кейін командалар нысана көздеу тапсырмасына келеді. Бірінші кезеңде гранатамедпен, екіншісінде минаметпен, соңғысында гранатаметпен атты. Нысанадан мүлт кеткен топ қосымша тағы бір айналымға жіберіледі.

«Жарысқа сарбаздар өте жақсы дайындықпен келген. Сайдың тасындай іріктелген жауынгерлер өздерінің біліктіліктерін көрсетті. Жарыс  әскерилер өзара тәжірибе алмассын деп ұйымдастырылды. Біздің сарбаздар керемет өнер көрсетті», - деді бас төреші Лут АЛЬЧИКЕНОВ.

Айта кетсек биылғы жарысқа әлемнің 18 елінен 400-ге жуық әскери қызметші келген. АрМИ-2017 ойыны елімізде 1 және 9 тамыз аралығында өтті. Енді халықаралық жарыстың жеңімпаздарын маратаппаттау рәсімі болады.

Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы