Қазақстандық шегірткелермен күресуге шетелдік мамандар тартылмақ

25.04.2018 15:03

Қазақстанның 5 миллионнан астам шаршы шақырым аумағына шегіртке биыл қаптауы мүмкін. Осылай деп дүрліккен мамандар дайындыққа ерте кірісіп кетті. Ал былтыр шегіртке қаптаған Жамбыл облысына Ауыл шаруашылығының вице-министрі арнайы барды. Биыл жыл сайын шаруаларды шаш етектен шығынға батырып келген зиянкестермен күрес өзгеше жүргізілмек. Тіпті бұл жолы мамандар халықаралық сарапшылардың көмегіне де жүгініпті.

Жамбыл облысы бірнеше жылдан бері шегірткеден зиян шегіп, қанатты жәндіктердің таралуы көп аймақтар қатарына енген еді. Биыл да қауіп сейілмей отыр. Сондықтан жұмысқа алдын ала кіріскен астаналық мамандар өңірдегі техника мен құрал жабдықтардың дайындығымен танысып, арнайы жиын өткізді. Жалпы Жамбыл облысында саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 14 млн-нан астам теңге бөлінген. Осы арқылы, өңірдегі 15 мың гектарға жуық алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

«Былтырғы жыл қайтадан қайталанбасын деп ертерек келіп, осы жерде ұйымдастырушылық жұмысты өткізу үшін келіп отырмыз. Осы таңда бәрі керекті пестицидтер жеткізілді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, техниканың бәрі осында. Сондықтан керекті зат, құралдардың бәрі жеткізілді. Енді организациялық жұмысты ұйымдастырылса, біз уақытты өткізбей былтырғы жағдай қайталанбас үшін келіп отырмыз», - деді ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар ҚАЖЫБЕКОВА.

Республика бойынша, алдын алу жұмыстарына 540 техника жұмылдырылмақ. Оның 37-сі ұшақ, 31-і аса жеңіл авиация, 33-і аэрозольді техника, сонымен бірге 144-і ультра аз көлемдегі бүріккіштер қолданылады. Бүгінгі таңда осы техникалардың бір бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында мароока шегірткесіне қарсы химиялық іс-шараларды бастап та кеткен. Мамандар бұл жолы жәндіктермен басқаша күресудің әдісін табамыз деп отыр. 

«Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті биліктің басты мәселесі - шегірткенің көбеюін барынша тежеу. Біз бұл жолы алдын алмасақ, келер жылы зардап шегетін аумақтың көлемі үлкейіп кетеді. Сондықтан бұл жұмыстарға баса назар аударып отырмыз. Бүгінгі таңда ОҚО -да 50 мың гектар жер залалсыздандырылды. Жұмыс атқарыла береді. Ол үшін техника да қаражат та жеткілікті. Тек уақытында әрекет етсек болғаны», - деді ҚР АШМ Агрохимиялық қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Ерболат БӘЗІЛЖАНОВ.

Вице министрдің сөзінше, қазақстандық шегірткелермен күресуге шетелдік мамандар тартылмақ. Әрі, зиянды жәндіктердің таралуына мониторинг жүргізу үшін GPS трекерлер мен GPS навигаторлар қолданылады. Қыруар қаржы мен шетелдік құрылғылар бұл жолы қауіптің бетін қайтарады деп сенеді мамандар.


Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы Жамбыл ауданы