ҚазҰАУ: жаңа ситуациялық орталық ауыл шаруашылығындағы ахуалдарды бақыламақ

21.04.2018 02:46

Алматыдағы «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру орталығы» еліміздің ауылшаруашылығындағы ахуалдарды бақылауға мүмкіндік туғызбақ. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің базасында құрылған жаңа ситуациялық орталықтың жұмысымен бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек танысып көрді. Орталыққа шетелдің озық технологияларын тартып, оны еліміздің климатына бейімдеу көзделіп отыр. Құрылғылар арқылы жер, су ресурстары талданып, өсімдіктер мен мал шаруашылығының болашағы болжанбақ. Сондай-ақ аграрлық саладағы бар ақпараттар ортақ базаға жинастырылып, мониторинг жүргізіледі. Орталықты құруға АҚШ-тың білікті мамандары атсалысты. Айта кетейік, қала басшысы аталған орталықпен Наурыз мерекесін тойлау барысында танысты. Жалпы әз-Наурыз бір ай бойы тойланып, 150-ден астам шара өткізілді.