Халық ақылы және тегін медициналық көмектің аражігін білуі тиіс - Бақытжан Сағынтаев

30.05.2018 02:40


Қазақстандықтар денсаулықтарына мөлшерден тыс шығындалады. Осыған орай, алдағы уақытта медициналық қызмет көрсету жаңа бағытта іске асады. Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында айтылды. Бақытжан Сағынтаев Елжан Біртановқа тегін медициналық қызмет пен ақылы қызметті халыққа дұрыс түсіндіруге тапсырма берді. Өйткені бұл бағытқа миллиардтаған қаржы бөлінуде.

Адам денсаулығы әдетте ең маңызды мәселенің бірі. Жаны қиналғанда көпшілік ақылы қызметке жиі жүгінетін көрінеді. Соңғы бес жылдың ішінде ел тұрғындары қалтасынан шыққан сома 678 млрд теңгені құраған. Шенділердің сөзінше, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген нормадан екі есе жоғары. Елжан Біртанов 2020 жылдан бастап тегін медициналық көмек пен міндетті сақтандыру жүйесі іске қосылса, қара халықтың жағдайы мүлде қиындайды, - дейді. Демек сақтандырылмаған адам тегін көмекке қол жеткізе алмайды.

«Сақтандырылмаған азаматтарға жоспарлық -стационарлық және амбулаториялық емханалық көмектің қолжетімділігі, сонымен қатар, дәрілік заттар мен қамтамасыз етуден айырылуға мүмкін. Екіншіден, сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмекті бірден шектеуге байланысты тәуекелдерді төмендету мақсатыда өтпелі кезең қарастырылған. Алайда, ол осы кезеңде жұмыс істейтін азаматтар міндеті сақтандыру жүйесіне салық пен жарналарды төлеуге мәжбүр болады. Ал сақтандырылған азаматтар арнайы төлемсіз медициналық көмекке ие болады»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Министр медициналық сақтандырудың тағы бір түйіткіліне тоқталды. Айтуынша, мемлекеттік тегін медициналық қызмет жүйесі ескірген. Жоба 2009 жылдан бері қайта қарастырылмапты. Премьер-министр аталмыш проблеманың негізі бар екенін атады. Алдағы уақытта жағдай өршімес үшін Елжан Біртановқа «міндетті медициналық сақтандыру жүйесі» аясында көрсетілетін қызметтердің аражігін  ажыратуды  халыққа дұрыс түсіндіруге тапсырма берді.

«Елжан Амантайұлы халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Қандай медициналық көмек мемлекет кепілді түрде тегін беретінін, ал қайсысы ақылы болатынын халық анық білу қажет. Ертең сол ауруханаға барып, болмаса басқа да медициналық органдарға барған кезде осындай түсініспеушілік болмас үшін оны нақты жергілікті әкмішіліктермен бірге ақпарат түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет»,-деді ҚР Премьер-министріБақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алқалы жиында ауылшаруашылығы кооперациялар неге дамымай жатқаны айтылды. Вице-министр Арман Евниевтің мәліметінше, Президент әкімшілігі аталмыш бағытта жіті тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде, бірқатар жүйелік түйіткілдер анықталған. Нақтырақ айтқанда, жұмыс істеуге тиесілі мекемелердің 42 пайызы қағаз жүзінде ашылған болса, 18 пайызы мүлде тұралап қалыпты.

«Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламада белгіленген алты индикаторды салыстырып қарағанымызда, олар жоғарыда көрсетілген проблемалардың шешілу дәрежесін бағалауға мүмкіндік бермейтінін, кооператив мүшелерімен жергілікті атқарушы органдардың жалған ақпарат беріп, көрсеткіштерді бұрмалауына мүмкіндік туғызатынын анықтадық. Сондықтан қолданыстағы индикаторларды ауыстыру қажеттілігі туындады»,- деді ҚР Ауылшаруашылығы вице-министріАрман ЕВНИЕВ.

Бақытжан Сағынтаев аталмыш  ведомствоға  агроөнеркәсіп кешендерін дамыту бағытында жергілікті билік өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды. Әр ауылдағы адам жұмыспен қамтылып, шаруа қожалықтарынан алынатын өнім көлемі артуы тиіс.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов,«Алматы» телеарнасы