Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 65 пайызы электронды түрде іске асырылуда

03.04.2017 15:06

Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 65 пайызы электронды түрде іске асырылып жатыр. Мұндай қызметтер жемқорлықты ауыздықтаудың бірден бір жолы. Бұл туралы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті және кәсіпкерлермен өткен кеңес барысында айтылды. Салық қызметкерлерінің жұмысын неғұрлым ашық ету үшін кіріп-шығуды бақылау жүйесін енгізу жоспарланып жатыр. Бағдарламада қызметшінің күнделікті жұмысы, ұжымға жеке тұлға ретінде қосқан үлесі, келушілермен қатынасына мән беріледі.

«Өткен жылы «Алсеко» квитанцияларына салық берешегі барын көрсету туралы ұсыныс болған. Осы жолы біз сәуір айынан бастап сол ұсынысты қолданамыз. Алдыңғы жылдың аяғына дейін болған. Екінші тоқсан сайын салықтың түсірілім туралы ақпаратты өзіміздің ресми сайтымызға орналастыру, ол жұмысты да атқарып жатырмыз. Берілетін мемлекеттік қызметті электронды түрге ауыстырып жатырмыз. Қазір 39 электронды қызмет түрі бар. Ал 29 қызметті ХҚКО арқылы алуға болады», - деді Алматы қаласы МКД түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Заңғар ШЫНДАЛИ.

Былтыр департамент қызметкерлерінің 400-ге жуығы тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ салық қызметкерлері автокөлікке салынатын айыппұлды жасыру үшін жүргізушілерге анықтама шығарып берген. Аталмыш жағдай бойынша 2 оқиға тіркеліп, қазір көлік үшін анықтаманы сұрату қызметі алынып тасталған.

«Азаматтарды жемқорлыққа итермелейтін - әкімшілік жауапкершіліктердің тым қаталдығы, өтелетін салық төлемінің шамадан көптігі. Мысалы, мүгедектерге арналған арнайы орынға көлігін қойғаны үшін 120 мың теңге, «стоп» жолағына 5 см өтіп кетсең 20 мың теңге салынатын айыппұлдар қисынға келмейді. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан жасалған осындай қысымдардың нәтижесі жемқорлыққа алып келіп жатыр», - деді Алматы қалалық Кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Виктор ЯМБАЕВ.