Жатақханалар биылғы жаңа оқу жылына сақадай-сай дайын. Алматыдағы жоғары оқу орындарына жүргізілген рейд барысында білім алушыларға барлық жағдайдың жасалғандығы анық болды. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен құрылған арнайы комиссияның мүшелері білім ордаларының студенттер үйін аралап, ондағы жағдаймен танысып қайтты.
Қыздар педагогикалық университетінде қазір 7 жатақхана бар. Жыл сайын онда 3 мың студент жайғасады. Аталған білім ордасы жаңа оқу жылына сақадай-сай дейді тексерушілер. Жатақхана толықтай жөндеу жұмыстарынан өткен.
«Бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен қыздар, жетім, жартылай жетімдерді орналастырамыз. Жылда 3 мың қызды орналастырамыз. Яғни жалпы контингенттің 60 пайызын қамтамасыз етеміз», - деді ҚазМемҚызПУ экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректоры Асылбек БӨКЕБАЕВ.
Жатақханалардың басым бөлігі таза, жайлы. Оларды әдемі безендіруге студенттер де үлес қосқан көрінеді. Тамыздың 25-нен бастап студенттер жатақханаларға жайғастырыла бастайды.
«ҚазМемҚызПУ жатақханасын қарап шықтық. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жатақханалар дайын десек те болады. Жалпы жатақханаларға 25 тамызға дейін жөндей жұмыстарын жүргізу керек болатын. Біз сол жұмыстардың қандай деңгейде жасалып жатқандығын тексереміз, қарастырамыз», - деді Жастар саясаты басқармасының маманы Мақсат БАЙЗАҚ.
Тексерушілер тобы Абай атындағы педагогикалық университеттің жатақханасына да кіріп шықты. Олар дайындықтың қай деңгейде жүріп жатқандығын бақылады. Жаңа оқу жылы басталғанша 29 жоғары оқу орнының жатақханасы тексерістен өтпек.
«Абай атындағы педагогикалық университеттің жатақханасына келдік. Ішін аралап шықтық. 2 қабатты мекеменің ішінде барлық жағдай бар, ескертулер түзетілген. Демалатын бөлме де, жуынатын бөлме де», - деді қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.
Жатақханалардағы жатын бөлмелер таза әрі кең. Мұнда студенттердің емін-еркін қозғалып, білім алуына барлық жағдай жасалған. Тіпті, демалыс бөлмесі де қарастырылған.
Тексеріс жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасады. Бүгінде Алматыда жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 94 жатақхана бар. Оған 30 мың ізденуші жайғастырылады екен.
Сая Меңдеке, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы