Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Талдықорғандағы полковниктің өліміне қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, полковник Бердібек Берістемовты атып өлтірді деген күдікпен ұсталған оның орынбасары, подполковник Асқар Оспанов екеуі дос болған. Тіпті, шенділер әскери борышын бірге өтеген. Бірақ полковник Берістемов қоластында қызметте болған Оспановқа тым жоғары талап қойса керек. Араларында түсініспеушілік туындап, нәтижесі осындай жағдайға алып келген деп болжады министр. Естеріңізге салсақ, 31 наурызда Алматы облысының Қорғаныс істері департаментінде оқыс оқиға орын алған. Қызметтік бөлмесінде департамент бастығы, полковник Бердібек Берістемов атып өлтірілді. Күдікті ретінде оның орынбасары подполковник Асқар Оспанов ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған еді.
«Екеуі де әскери борышын бірге өтеген, дос болған, бірге жұмыс істеген. Соған қарағанда екі адам арасындағы мәселе болуы керек. Құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап жатыр. Оның үстіне, қазір әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр, бәрі қарбалас. Жаңағы адам әскерилерді шақыруға жауапты болған, күн сайын тапсырма, бұйрық. Марқұм жайында жаман ештеңе айтқым келмейді, бірақ басшы ретінде тым жоғары талап қойған шығар», - деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ.