Елімізде биылдан бастап құрамында қант, тұз,май шамадан тыс кездесетін өнімдерге жасалатын жарнамаға шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында белгілі болды. Отырыста қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып отырғаны да айтылды. Елжан Біртанов, бұдан бөлек, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының жұмысын сынға алды.
Елжан Біртанов Астана дәрігерлерімен бірге аймақтық өкілдіктердің де басын қосыпты. Ең алдымен саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру орталықтарының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Қызметтері бар болғаны бір парақ жарнама. Жұмсайтындары қыруар ақша деп қатаң ескерту жасады. Әрі, заманауи технологиялардың дамыған уақытында әлеуметтік желілерді қолдану артық шығынды талап етпейді деді.
«Ескі бағытта жұмыс істеп жатқандырыңызды бірнеше рет айттым. Сіздерге ақша берсең, қозғаласыздар. Қаржы болмаса, қарап отырасыздар. Әлеуметтік маркетинг технологиясы мен идеяларды іске асыру туралы айтсақ, көбіне оларға көп шығын кетпейді. Қолға ақша тисе болды, тиімсіз жарнама парақшаларынан басқа ешнәрсе жасамайсыздар»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Ал денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой адамның денсаулығына залал келтіретін өнімдерді жарнамалауға тыйым салу керек деді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тізімдер қатарына құрамында қант, тұз, май сынды заттар артығымен кездесетін тауарларға талапты күшейту қажет екенін атап өтті.
«Финляндияда 2010 жылдан бастап тәтті өнімдеріне салық енгізілген. Ішімдікпен бірге құрамында ащы-тұщы заттары көп тауарларға, тіпті, тыйым салынған. Ал Еуропа да міндетті түрде таңбалау белгісінде 6 қоспа бойынша белгілеу міндеттелген. Оның ішінде: май, қант, тұз, көмір су, ақуыз бар. Ұлыбритания да зиянды өнімдер жарнамасына күндізгі уақытта шектеу қойылған», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей ЦОЙ.
Қазақстанда қатерлік ісікпен ауыратындардың саны азаймай тұрған көрінеді. Оған азаматтардың өз денсаулығына немкетті қарауы басты себеп. Еліміздің бас онкологы Қазақстанда жыл сайын нәзік жандар арасында жатыр мойнының обырына шалдығатындар саны биыл 1700 - ге жеткен. Дерттен көз жұматындар саны 650 десек, бір күнде екі әйел өмірден озады.
«Жақында мен Оңтүстік Қазақстанға іс-сапармен барып келдім. Гинекология бөлімінде бар жоғы 30 төсек. 25 орынды осы дертке шалдыққандар толтырыпты. Олардың жасы небәрі 35 пен 45 аралығында. Белгілі болғандай, олардың дер кезінде дәрігерге бармауы, тексерілмеуі басты себеп болған. Скринингтер қазіргі кезде қол жетімді. Жылына бір рет адам өзіне уақыт бөлсе болады», - деді ҚР ДСМ қазақ онкология және радиология ғылыми - зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.
Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу шараларын күшейту мақсатында халықтың жауапкерлішігін арттыратын заң қабылдауды ұсынбақ. Ең алдымен тексеру жүйесі еліміздің барлық аймағын қамтиды.Тегін көмек көрсету қызметін қолданбаған жағдайда азаматтар белгілі бір деңгейде жауапқа тартылуы да мүмкін.
«Бұл қадамды жазалау деп қабылдамау қажет. Аталмыш мәселе жыл соңына дейін Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі кодексінің аясында талқыға түседі. Біз жан-жақты салиқалы жауапкершілікті анықтайтын боламыз. Бірақ қазақстандықтар дайын емеспіз десе онда оны шегереміз», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Журналистер Алматы да жеке клиника да қайтыс болған 2 жасар баланың мәселесін қозғады. Белгілі болғандай, сәбидің анасы аталмыш ведомствоға өтініш хат жолдапты. Ал министр бұдан беймәлім болып шықты. Енді Елжан Біртанов бұл мәселені жеке бақылауына алмақ. Еске сала кетейік, сәуірдің 24 күні Алматыдағы жеке емханалардың бірінде шап жарығына жасалған отадан кейін 2 жастағы Мирон Павлов көз жұмған болатын. Ақ халаттылар оған жүрегінің тоқтауы себеп болды дейді. Десе де анасы дәрігерлер шындықты бұғып отыр деген пікірде.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан