Алматыда теннис және жағажай волейболы орталығы ашылады

04.04.2018 00:30

Алматыда жақын арада теннис және жағажай волейболы орталығы ашылады. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған екі нысан жаз айынан бастап пайдалануға беріледі. «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасын жүзеге асыру үшін қазір шаһарда үлкен шаралар атқарылуда. 2018 жылы бағдарлама аясында екі жүз мың адамды қамтитын 1731 шара жоспарланған. Ганди атындағы саябақ аумағында орналасқан жағажай волейболы күніне 120 адамды қабылдауға қауқарлы. Нысан инвесторлардың есебінен салынғанын айта кету керек. Барлық жағдайы жасалған орталыққа барлық жастағы тұрғындар келе алады. Сонымен қатар, қалталылар балалар алаңын да салып бермек.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жақында Әуезов ауданында бой көтерген «Мамыр» теннис орталығын да аралады. Бұл жерде бір мезетте күніне 500 адам жаттыға алады. 6 ашық және 4 жабық корты бар нысан республикалық сайыстарды өткізуге мүмкіндігі бар. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында оған субсидия бөлінеді. Орталық теннис федерациясының есебінен салынған. Инвесторлар бұл аумақта да балалар алаңын саламыз деп сөз берді. Айта кетейік, биыл «Спорт менің ауламда» бағдарламасы бойынша 150 спорт алаңын салу көзделіп отыр. 


Теги: волейбол