Алматыда әкелер форумы өтті

23.10.2017 22:54

Елімізде әрбір үшінші некенің соңы ажырасумен аяқталады. Мұндай мәселе Алматыда өткен екінші әкелер форумында айтылды. Отауын орта жолда тастап кететіндердің басым бөлігі жастар. Қазіргі таңда аталған келеңсіздіктің алдын алу үшін қалада түрлі бағдарламалар қолға алынып жатыр. Солардың бірі - биыл «Жастар жылы» деп жарияланып, соның аясында 35 жасқа дейінгілерді баспанамен қамту үшін 1 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 100 отбасы баспанамен қамтылмақ. Келесі жылы бұл көрсеткішті 4 есеге арттыру көзделген. Жанұялық жылылықты жандандыру үшін жастарға әліде жағдай жасалады.

«Өкінішке орай, ата-аналары балалары жыламасын деп қолдарына телефон беріп жатқанын көріп жүрміз. Сол себептенде мына Панфилов, Жібек жолы көшесін жаяу жүргіншілерге арнап салынды, балалар ойнайтын  арнайы орындардың ашылуы отбасыларға бағытталған дүние болып есептеледі. Таза ауада. Әсіресе демалыс күндері барсаңыз, тіпті жүретін орын болмайды. Бұл  жүрегімізге қуаныш ұялататын бірден-бір жағдай деп есептейміз», - деді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан СЫДЫҚОВ.  

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан форумда отбасы құндылықтарын дамытудың жолдары талқыланды. Жанұялық жағдайдың жылуын арттыру мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауы да өткізіліп келеді.