Елімізде нөлінші сыныпты енгізу 2020 жылға шегерілді

28.02.2018 02:00

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мінберден басталуы тиіс деген Елбасының ескертпесінен кейін биліктегілердің әбігері басталды. Отырыста орысша көсілетін  үкіметтегілер ойын жеткізе алмай қиналды. Қағаздан көз алмасада сыннан сүрінген шенділер  келер жолы жақсылап дайындалып келетінін алға  тартып ақталды. Үкімет қабырғасында тілден бөлек экономикалық-әлеуметтік маңызы бар мәселелерде қаузалды.

Президенттің бір ауыз сөзі  биліктегілерге қатты әсер еткені бірден байқалады. Мемлекеттік тілді жетік меңгеру әдетте әр шендінің міндеті екені әу баста айдан анық болсада,  көбі ұйқыдан енді ойанғандай. Елбасы  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, қазақ тілінің латын қарпіне ауысуы мен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ерекше назар бөлу қажет  екенін,  ол үшін  Үкімет пен Парламенттің жиындары қазақ тілінде қаралу керек дегені белгілі.

«Менің ойымша, Елбасы Үкімет пен Парламенттегі жиындар барынша қазақ тілінде  өтсін деген пікір білдірді. Әрі, бұл әр адамның тілді меңгергеніне қатысты болмақ.Президент нақты не дегені есімде жоқ, бірақ  тәуелсіздік алғаннан бері біз биліктегілердің мемлекеттік тілге көшуін айтып келе жатырмыз», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Тапсырма берілді. Орындалуы тиіс. Жиынға келгендер осы сөзді жадына сақтағынмен ана тілінде ойларын ашық айта алмай Сағынтаевтың алдында  сүрінді. Ал сыннан онсызда  көз ашпайтын Сағадиев «қазақ тілін де сөйлеу бүгіннен басталуы міндет емес» деп айды аспанаға бірақ шығарды.

Бас мұғалім бастаған Білім министрлігінің бір топ белсенділері орта білім берудегі маңызды жағдайларды жіпке тізді. Мектепке дейінгі даярлық сыныптарын толыққанды ашу 2020 жылға шегерілген. Сағадиев нөлінші сынапта сабақ беретін мұғалімдер, қажетті оқулықтар тас-тұянақтай дайын десе де,  кириллицамен жасалған оқулықтар бағдарламаға сай қайтадан  латын қарпіне ауысуы тиіс екен.

«2020 жылдан бастап 0 сыныбын қосу енгізіледі. Ол бүгінде айтылды. Енді дайындық болса, екі жылдың ішінде нөлінші сыныпты енгіземіз. Ол тек қана бірыңғай программасын енгізу. Қазір нөлінші сынып көпшілік бала-бақшаларда, мектептерде бар. 85 пайыз нөлінші сыныптан өтіп отыр», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, қазіргі кезде ел бойынша барлық мектептердің тек 62 пайызы ғана интернет желісімен қамтылған. Осыған орай, министр Үкімет басшысына жергілікті әкімдіктердің осы мәселені шешуге ат салысуын сұрады. Білім саласындағы баяндамадан соң кезек Бозымбаевқа келді. Қара күзде бензинді бұқараға бере алмай, Президенттен сөгіс алған  Энергетика министрі Бозымбаевтың тәртіптік жазасы ресми түрде күшін жойыпты. Бірақ Бозымбаев қуанышын білдіртпеді.

Жарайды оның жауабы да маңызды емес. Отырыс барысында солтүстік пен орталық өңірлерді газбен қамту мәселесі әлде-қайда қызу өтті.  Өңірді газбен қамтудың жолы тағыда несие арқылы шешілетін секілді. Бұл мақсатта Қазақстан Еуропа қайта құру және даму банкінен 270 млн еуро көлемінде қаржыны қарызға алмақ. Ал Астананы көгілдір отынмен қамтуға  260 млрд теңгеден астам сома жұмсалады екен. Әрі газ құбырларын жүргізуге екі жыл қажет.

«Төрт жобаның бәрін қосқанда 370 млрд теңгені құрап отыр, қосымша құн салығы бар. Астанаға өз кезегінде 267, 3 млдр теңге қосымша құн салығын қосқанда», - деді ҚР Энергетика министрі  Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Одан өзге Еуропа қайта құру және даму банкі «жаңарып отыратын энергия көзіне» қосымша  200 млн еуро бөлетіні белгілі болды.Ақпарға жүгінсек, бүгінде 55 жуық мекеме осы бағытта жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев өзге елдер арасындағы байланысты нығайтып, инвестиция тарту бағытын Жеңіс Қасымбекке тапсырды. Оның ішінде  «Қазақстан – Қытай», «Қазақстан – Ресей», «Қазақстан – Түркия» сынды жобалар бар.


Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан