Алматы облысы Талғар ауданы Бірлік ауылында тұрып жатқан алтын алқа иегері Толқынай Нәметқұлова тіркеуге тұра алмай жүр. Сегіз баланың анасы басында жеке баспанасы мен ішерге ауқаты жоқ дейді. Тіпті, бүгінде уақытша тіркеуім де жоқ дейді.
Көп балалы ана Толқынай Нәметқұлова осыдан тоғыз жыл бұрын Жамбыл облысынан көшіп келген. Алтын алқа иегері отағасымен бірге осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келіпті .Соның салдарынан бүгінде нақты еш жерде тіркеуде жоқ
«Еш жерде тіркеуде жоқпын. Соңғы рет жалдамалы пәтерде тұрып сол жерде болғам. Өкінішке орай, оның жалақысын төлей алмаған соң бізді түбегейлі далаға шығарып жіберді. Қазір енді мына үйді жомарт жандар уақытша тұруға беріп отыр. Біздің нан алуға қаражатымыз жоқ», - деді Алматы облысының тұрғыны Толқынай НӘМЕТҚҰЛОВА.
Бүгінде Толқынайдың жеті баласы мектепте оқиды. Кенже қызымен бірге үйдің тіршілігін жасаудан басқа қолынан шара келмеуде. Ең сорақысы қара сылақпен тұрған мына баспананы үш айдан кейін үй иелеріне қайтару керек. Себебі, жомарт жандар әзірге тегін тұруға берген.
Толқынайдың мәселесін арқалап Талғар ауданы халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Мақсатымыз көп балалы ананың тұрғылықты жерінде не себепті тіркеуге алмағандығын білу. Алматы облысы Ішкі істер департаменті Көші-қон полиция басқармасының мамандары бұл сұраққа былай деп жауап берді.
«Бұл сұраққа қатысты нақты ақпарат беретін болсам, бұл кісі бұған дейін уақытша бір пәтерде тұрған. Кейін үй иесі оны тіркеуден шығарған. Қазір нақты еш жерде тіркеуде жоқ болып тұрғаны сол. Егер өзнің осындағы туыстарына тіркеуге тұрса біз міндетті түрде бұл анамызды қайта тіркеуге қоямыз», - деді Алматы облысы ІІД көші-қон полициясының бөлімше бастығының орынбасары Самат СЕЙІЛХАНОВ.
Көші қон саласының қызметкерлері Толқынай апайды тіркеуге алмаймыз деген жоқ. Алайда, шарт өзі тұратын мекен-жайға ғана тіркелу қажет. Бірақ көп балалы отбасының пәтер жалдайтын қаражаты болмағандықтан, ендігі мекені қай жер болатыны белгісіз. Тек жомарт жандардан ғана қайыр күтумен отыр.