Мұхтар Зимановты туыстары мерзімінен бұрын түрмеден босатуды талап етуде

24.01.2018 18:19

Аты шулы «Қорғас ісі» шеңберінде «алаяқтық әрекет» айыбымен түрмеге тоғытылған белгілі академиктің ұлы - Мұхтар Зимановты туыстары мерзімінен бұрын түрмеден босатуды талап етіп отыр. Айтуларынша, жазагер заңсыз сотталған. Зиманов ешкімге жапа шектірген жоқ және біреуге пара бергені де дәлелсіз, деді қорғаушы тарап. Сондықтан дереу бостандыққа шығаруды сұрауда. Сотталушының туыстары соңғы уақытта оның денсаулығы сыр бергенін айтуда. 2013 жылы 13 жылға сотталған Зимановтың мерзімі қысқартылыпты. 2016 жылы президенттің бұйрығымен оның жазасы 9 жылға ауысты. Ал осы уақытқа дейін жазасының үштен екі бөлігін өтеген оның заң бойынша мерзімінен бұрын босап шығуға толық құқығы бар, дейді адвокат.

«Қылмыстық Кодекстің 72 бабына сәйкес, Мұхтар Зимановтың түрмеден шартты түрде уақытынан бұрын босап шығуға құқы бар. Заң бойынша, сотталушы келтірген шығынды толық өтеген болса, түрмедегі тәртібі түзу болса және жасы 63-тен асқан жағдайда кесілген мерзімінің қалған бөлігін шартты түрде өтей алады. Әлбетте сот шешімімен. Былтыр заңдағы осы талаптарды көрсете отырып, Астана қаласындағы Алматы аудандық сотына арыз жаздық.  Бірақ арызымызды кері қайтарды. Кейін Астана қалалық сотына шағымдандық. Олар да Мұхтар Зимановтың тәртібі әлі түзелген жоқ деп өтінішімізді қанағаттандырмады», - деді М.Зимановтың адвокаты Тагир СИСИНБАЕВ.

Дегенмен, 67 жастағы Мұхтар Зимановтың қорғаушылары талаптан тайғысы жоқ. Енді жоғарғы соттан көмек сұрамақ. Естеріңізге сала кетейік, қоғамда қызу талқыланған қылмыстық іс 2012 жылы басталған болатын. Қазақстан Конституциясының авторларының бірі, атақты заңгер Салық Зимановтың ұлы Мұхтар Зиманов бірнеше сыбайласымен істі болған. Ресми дерекке сүйенсек, олар «Қорғас кеден бекетіндегі» ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қозғалған істі жаптыру мақсатында лауазымды тұлғаларға пара берген және 3 миллион доллардан астам қаржыны қолды қылып, алаяқтық жасаған.