Биыл Қазақстандық өнімдер экспорты 22 пайызға артты

29.11.2017 21:18

Қазақстандық өнімдер экспорты биыл 22 пайызға артқан. Ал өңделген өнімдер бойынша еліміздің Орта Азиядағы үлесі 30 пайызға өсіп, үздік бестікке еніп отыр. Дегенмен, көтерме сауда нарығында шешілмеген мәселелер де бар көрінеді. Бірі брендтің атын шығару үшін шығынға жұмыс істесе, енді бірі банкрот болудан қорқады екен. Бүгін сала кәсіпкерлері экспорт әлеуетін талқылады. 

25 жылдан астам уақыт бойы макарон өнімдерін өндіретін қазақстандық компания экспорт әлеуетін жақсартып, өнімдерін Орта Азия елдеріне жөнелтіп жатыр. Қазір айына 500 тонна өнім өндіретін Ақтөбелік тауар өндіруші кәсіпорын шығынға жұмыс істеп жатқандығын да жасырмады. Айтуларынша, қазір табыстан гөрі, тауар белгісінің танымалдылығына талпынады.

«Басынан бастап, Түркмения, Қытай шыққандарымыз. «KAZAKH INVEST» компаниясына үлкен рахмет. Солардың көмегімен  Ресей Федерациясына шығып жатырмыз. Сонымен қатар, Өзбекстан, Ауғанстан елдеріміен де жұмыс істеп жатырық», - деді макарон өнімдерін өндіретін компания өкілі Нұржан ЖОЛАЕВ.

Отандық өнеркәсіптердің өнімдерін экспорттауға «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мұрындық болуда. Нәтижесінде шет мемлекеттер үшін шекара асқан тауар көлемі үстіміздегі жылдың тоғыз айында 22 пайызға артқан.

«Экспортер-2020 бағдарламасы бойынша биыл 500-ден астам тауар өндірушілерімізге қолдау көрсетілді. Шетелде Қазақстандық өнімдерді ұсынған 70-ке жуық кездесу өткізіп, нәтижесінде кәсіпкерлеріміз құны 200 миллион АҚШ долларынан асатын келісімшартқа қол қойды. Экспортқа шығарған тауарларымыздың басым бөлігі көрші Ресей мен Қытай елдеріне жіберіледі», - деді «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ атқарушы директоры Асқар АРЫНОВ.

Ал, тауары экспортқа шыққандардың бизнесте бір ізге түсті дегенін білдірмейді. Егер нарықты меңгермей, тұтынушыларды ұдайы зерттей алмаса банкрот болуы әбден мүмкін. Бұл көтерме сауда өкілдері мен өндірушілердің кез келгенінде болатын үрей көрінеді. Өткен жылы 4 сауда желісі тақырға отырған.

«Қазақстандық тауар өндірушілер бізге көптеген шағымдарын айтып жүгінеді. Бұл саладағы сауатсыздық емес, қажетті ақпараттың дұрыс жеткізілмегенінің айқын дәлелі. Аталған мәселелердің арасында банкротқа қалай ұшырамау қажет, тауар санын шектеу немесе көбейту мәселелері мен оларды жеткізу проблемалары бар. Бүгінгі диалог алаңында осы жайттарды талқылаймыз», - деді ұйымдастырушылар комитетінің төрайымы Елена САРГАЛДАКОВА.

Саудагерлердің қатысуымен өткен келелі жиында ритейл мектебін ашу да сөз болды. Өйткені ұйымдастырушылар «осы сала мамандарының жоқтық қасы», - дейді. Тіпті, білім министрлігімен келіссөздер жүргізіліп, оқу орындарында қосымша мамандық ашу да қарастырылуы мүмкін. Айта кетейік, қазір Қазақстанның экспорт әлеуетінде тамақ өнеркәсібі басымдыққа ие.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы