Алматының биылғы бюджеті бекітілді

Алматының биылғы бюджеті бекітілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының биылғы бюджеті бекіді. Нақтыланған жоспарды қалалық мәслихат депутаттары қабылдаған. Шаһар шенділері осы жылы қай салаға басымдық беріп отыр? Алда қандай жұмыстар атқарылады?

6-шы шақырылымдағы мәслихаттың кезекті сессиясында ағымдағы жылдың нақтыланған бюджеті 10 млрд 400 млн теңге болып бекітілді. Қосымша қаржы көздері коммуналдық меншіктегі бірқатар нысандарды жекешелендіру және әкімшілік айыппұлдардан түскен көрінеді. Айта кету керек, білім саласындағы бірқатар проблемаларды шешу үшін бұл жолы да қомақты қаржы бөлініп отыр. Нақтырақ айтсақ, бұл саладағы өзекті мәселенің бірі сыныптардың толымдылығы. Оны жою үшін қалалық бюджеттен бірқатар оқу орындарының жанынан қосымша нысандар құрылысы жоспарланған. Бұл мақсатқа 40 млн-ға жуық теңге бөлінді.

«Қала мектептерінің оқу құралдарын алу үшін 528,2 млн теңге бөлу жоспарланған. Жеке бала бақшаларда балдырғандар санының артуы барысында мемлекеттік білім тапсырысы үшін 123 млн теңге бөлінеді. Бұқаралық кәсіпкерлік аясында жастар практикасына қатысатын 1,5 мың адамға 166,7 млн теңге жоспарланған», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету оталықтарында қамқорлыққа мұқтаждардың қатары 1130 адамға дейін жеткен. Осыған орай қалалық бюджеттен қосымша азық-түлік өнімдерін алу үшін 51 млн-нан астам теңге, дәрі- дәрмек үшін 17 млн теңге бөлу қарастырылған. Әлеуметтік қолдау және оны тұтынушылар санының артуына байланысты 44 млн теңгеге жуық ақша 144 мүгедектер арбасын, 3,8 млн теңгеге 57 есту аппаратын сатып алуға, 14,4 млн теңге Инватакси қызметін төлеуге жұмсалады.

Маңызды саланың бірі медицинаға да аса зор мән беріліп отыр. Қызмет сапасын арттыруға қосымша 1 млрд-тан астам теңге бөлінеді. Биыл 18 денсаулық сақтау нысаны салынып әрі жөнделіп жатыр. Олардың 10 объектісі жыл аяғына дейін ашылады деп жоспарлануда. Үлкен құрылыс аланына айналған Наурызбай ауданында 3 емхана, 2 мектеп пен 33 балабақша бой көтерген еді. Ендігі кезекте аудандағы 200 шақырымға жуық жолға асфальт төсеу, 60-тан астам тұрғын үйді орталық жылумен қамту көзделуде. Жалпы қалада Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау бағдарламасы аясында бір сыпыра мәселе шешімін табады.

«58 үй кешенді жөндеуден өтеді, 43 үйдің шатырын жөндеуге 745 млн теңге бөлінеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Саялы-2» көпқабатты үйі үшін инженерлік желілер салуға 104 млн теңге бөлінеді», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Ал, «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 1,5 мың пәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Биылғы жылдың қыркүйек айында 5 мыңға тарта тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Нұрсұлтан Біләл, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров