Алматы облысында тұрғын үйлер су астында қала жаздады

Алматы облысында тұрғын үйлер су астында қала жаздады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысына қарасты Талғар ауданының 20-дан астам тұрғын үйі толассыз жауған жаңбыр салдарынан су астында қала жаздады. Абырой болғанда, зардап шеккен жан жоқ, бірақ тасқын су жұрттың жертөлелері мен аулаларын шайып кеткен. Тұрғындардың ағын сумен арпалысып келе жатқандарына 30 жылға жуықтаған. Уақыт өткен сайын жағасы желінген арықтың арналары бітеліп, тасыған су үй ішіне ене бастапты. Ал жергілікті жауаптылар арықты жөндеуге әлі қаржы бөлінбегендігін айтқан.

¤27 жылдан бері өмірін үреймен өткізіп келе жатқан зейнеткер Зәуре Алжанқызы, өзен суымен арпалысамын деп діңкесі құрыған қазір. Қала ішімен жүріп Талғар өзеніне құятын арна зейнеткердің үйін де кесіп өтеді. Әсіресе жаңбыр жауғанда, қар ерігенде канал арнасы толыса түскен.

«Мынау су - 27 жыл біздің жанымызды жеп бара жатыр. Баяғыда жас болғанбыз, өзіміз пытались бірдеңке жасауға. Қазір уже невозможно. Біз тек екі арықты жасадық. Екі жаққа су бөлінеді. Огородтың бәрі арық. 4 соттық  у нас только арық. Төрт үйге көпір жасау керек, үлкен лотокты қойып су деген әйбат жүреді. Үстін жаба салса әп-әйбат өтіп кетеді»,- деді Облыс тұрғыны, Зәуре ҮМІТБЕКОВА. 

Зәуре апа жан айқайын жеткізу үшін жергілікті әкімшіліктің табалдырығын сан мәрте тоздырған. Тіпті бұл мәселемен төтеншеліктер де таныс көрінеді. Алайда, мардымды істің шеті де көрінбепті. Ал кеше толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаладағы Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары тағы су астында қалған. 

«Кеше сағат тоғыздарға таман қатты жауын болып, барлық жерді су баса бастады. Есік алдын, ауланың бәрін шайып кетті. Әкімшіліктен адамдар келіп арнайы қаптарды берді, біз оларды құммен толтырып су өтетін жерлерді бітеп қойдық»,- деді Облыс тұрғыны, Олег КОТЛЯРОВ. 

Жауаптылар көшелер мен арықтарды жөндеу үшін қаржы бөлінуі керектігін айтады. Ал арық жолын күн жылығанда ретке келтіреміз деп сендіріп отыр. 

«Осыдан екі жыл бұрын 28 млн теңге жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Облыстық төтенше жағдайға өтінім берілген. Қазіргі уақытқа дейін ақша бөлінген жоқ. Кешегі жағдай бойынша біздің Талғар ауданының әкімі Талдықорғанға кетті осы мәселені көтеріп, қаражат бөлдіру үшін. Қазір күн жылыса біз жолдарын ретке келтіреміз. Былай тұрғын үйлердің ешқайсысына ешқанда зиян келген жоқ, ешқайсысына су кірген жоқ. Енді кіргені жертөлелерін олардың тазалап бердік»,- деді Талғар қаласының әкімі, Жандос ӘУЕЛБАЕВ. 

Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров