"Алматы" арнасы жаңа кейіпте. Телеарнамыз ең соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған жаңа студиядан хабар таратуды бастады. Жаңа павильон-трансформерде бірден 3 студия құрастырылған. 500 шаршы метр аумаққа салынған студияның мүмкіндіктерімен танысу үшін шаһар басшысы Бауыржан Байбек арнамызға арнайы келді.
Эфир студиясы - әрбір арнаның айнасы. Сондықтан, оның заманауи талаптарға сай болуы өте маңызды. Өткен жылы «Алматы» телеарнасына жаңа студия салып, түсірілім алаңын заманауи техникалық құралдармен жабдықтау туралы шешім қабылданған. Бұл - «Алматы» телеарнасының тарихындағы ең ірі құрылыс болды. Жобаның әрбір кезеңі мұқият жүзеге асты. Бүгінде алып павильонға айналған студияға шаһар басшысы арнайы келді. Бауыржан Байбек арнадағы өзгерістермен қоса, шығармашыл топтың жұмыс қарқынымен танысты. Әрі, жаңа студиядағы техникалық мүмкіндіктерді өз көзімен көрді.
«Мені жеке қуантатын жайт, мысалы Астанада болған кезде өңірлермен сөйлескен кезде көп азаматтар «Алматы» каналын көре бастадық деп сондай жоғары беріп жатыр. Мен ойлаймын, каналдың ребрендингі заманға сай жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Канал тек Алматының ғана емес, жалпы Республика бойынша көрсететін болды. Бұл бүгінгі бастама. Мысалы, 2015 жылы 15 орында болса, халық бойынша 10 орынға шығып, жалпы 7-6 орынды біз жоспарлап отырмыз»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
500 шаршы метр аумаққа тұрғызылған жаңа павильон-трансформерде бірден 3 студия аумағы қарастырылған. Мұнда жаңалықтар, сараптамалық бағдарлама мен таңғы шоу түсіріледі. Студия жүргізуші мен тілшілердің емін-еркін қозғалып, LED-монитордан түсірілген бейнекадрлерді көрсетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқиға орнында жүрген тілшілермен де тікелей байланысқа шығуға болады.
«Студия телеарнаның жарнамадан түскен қаражатына салынды. Жаңа павильонда жаңалықтар, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар, тейбл-ток форматындағы бағдарламалар және таңғы ойын-сауық бағдарламасы эфирге көрермен келесі аптадан тамашалай алады. Жалпы, бұдан басқа телеарна соңғы 1 жылдың ішінде толық техникалық модернизацияны өткізіп, қазіргі жағдайда Республикалық деңгейлі телеарналармен бәсекелесуге мүмкіндігі бар»,- деді «Алматы» телеарнасының бас директоры, Әлібек ӘЛДЕНЕЙ.
Жаңа студия тиісінше жаңа техникалық құралдармен жабдықталды. Әлемдік танымал өндірушілерден жалпы құны 1 млрд. теңгеден астам қаржыға заманауи телевизиялық техникалар сатып алынды. Түсірілім алаңына арнайы кран қойылып, 100-ге жуық жарық беруші шамдар орнатылды. Сондай-ақ, ұзындығы 3 метрді құрайтын видеоқабырға жасалды.
Көрермен эфирде тек жүргізуші жұмыс істейтін әдемі студияны ғана көреді. Ал, мұнда кадр сыртында тұтастай технологиялық кешен бар. Мұндағы қабырғалар шу өткізбейді, ал декорациялар табиғи материалдардан жасалынған. Мына бұрылатын темір жалюздер кез-келген композицияның көркін ашып, кадрға тереңдік береді.
«Алматы» телеарнасы сәуірден бастап жаңартылып, графикалық әрлеуі өзгерді. Жаңа логотип әзірленіп, баламалы эфир кестесі құрылды. «Алматы» телеарнасының эфирін ойын-сауықтық және ақпараттық таңғы шоу ашса, кейінгі көрсетілім жас көрермендерге арналады. Елорда да жеке журналистеріміз бар. Біздің тілшілік қосын Республикадағы ірі БАҚ өкілдерінің басын қосқан "Қазмедиа" орталығында орналасқан. Елордалық бюроның жұмысын жеделдету мақсатында кадрлер саны артты. Қазір арнада 150-ден аса қызметкер жең түре жұмыс істейді. «ТНС Гэллап Медиа» агенттігінің мәліметі бойынша, биылғы жылы арнамыздың көрермендер қатары 2015 жылмен салыстырғанда 26%-ға артқан. Енді жаңа аппаратты-студиялық кешеннің іске қосылуымен «Алматы» телеарнасының сапасы жақсара түседі.
«Маған бұл арнаның ғимараты өте ыстық. Өзім де осы жерде еңбек еткем. Қазіргі үлкен өзгерістерді көріп қуанып отырмын. Жалпы, жаңа студия - жаңа мүмкіндіктер береді. Алдағы уақытта «Алматы» арнасының эфирінен тың жобалар эфирге шығады деп сенемін»,- деді Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі, Алан ӘЖІБАЕВ.
1999 жылы қалалық арна негізінде құрылған телеарна бастапқыда «Оңтүстік Астана» деп аталды. Ал, 2005 жылы рембрендингтен кейін телеарна атауы «Алматы» болып өзгертілді. Бүгінде арна аймақтық хабар таратудан республикалық арнаға ауысып, сандық хабар тарату негізінде жұмыс істейді. Көрерменге бұқпасыз ақпарат беру үшін арна тілшілерге түрлі тәсілді қолданады. Мәселен, «Алматы» телеарнасының қаланың кез келген нүктесінен тікелей эфирге шығатын және ауқымды шараларды дер кезінде көрсете алатын жылжымалы телевизиялық станциясы бар. Соның арқасында көрермендер ақпаратты шұғыл түрде көре алады.
Әрбір ұсақ-түйегіне дейін мұқият жоспарланған студия, сапалы бейнекөрініс, таза дыбыс қазіргі заманғы телевизияның талаптары. Оған Алматы телеарнасы енді толық сәйкес келеді. Жаңа студияның салынуы - арнадағы жаңалықтың тек басы ғана. Жоспарда арна аумағына үлкен ғимарат салу да көзделіп отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы