Алматыда иттерді серуендетудің жаңа қағидасы бекітілді

24.04.2018 16:45

Алматыда иттер мен мысықтарды ұстау және серуендетудің жаңа қағидасы бекітілді. Енді кез келген жерде үй жануарларын еркін алып жүруге болмайды. Ережеге бағынбағандар жазаға тартылып, айыппұл төлейді. Аталмыш құжат «Үй жануарларының игілігі 2017-2020» жол картасы аясында әзірленді.

Жаңа қағидаға сәйкес, иттердің барлық тұқымдары бақыланатын ұзындыққа дейін жүре алады. Ал 32 иттің түріне иелерінің ерекше жауапкершілігі жүктелген. Ережеге сәйкес, жануарларды үй жағдайында ұстағанда тазалық сақталмаса, мәселен, шу мен иіске көршілерден шағым түссе - сот тәртібі арқылы жануарларға тыйым салынуы мүмкін.  Иттерді серуендету үшін қарғыбау мен тұмылдырық тағып қою міндетті.

«Иттерді серуендету және бұзу ережесін бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 408-бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады. Ол біріншіден, ескерту, ал екінші рет бұзса 3 айлық АЕК», - деді  Алматы қалалық Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы  Нұрлан ТӘШІМОВ.

Надежда Краснощекованың бультерьер тұқымдас екі иті бар. Жануарларды жақсы көретін ол өзінің мақұлықтарын адамға зияны жоқ, бөтенге тіс батырмайды дейді. Иттеріне тұмылдырық кигізгенді ұнатпайды екен. Дегенмен, төрт аяқтының бәрі бірдей тілалғыш емес. Жаңа қағида жалпы қоғам үшін тиімді, дейді Надежда.

«Менің ойымша, иттердің тұқымы мен оның көлеміне қарамастан барлығын арнайы орындарда жаттықтырып, үйрету керек. Мен екі итімді солай тәрбиелеймін. Итті балалар жүретін орындарды қарғыбаумен алып жүру деген дұрыс шығар. Жалпы өзімнің иттерім ешкімді қаппайды, сонда да ереже болғандықтан тұмылдырықты ұмытпай алып жүреміз», - деді Надежда КРАСНОЩЕКОВА.

Жаңа қағидаға сәйкес тыйым салынған белгілері бар балабақша мен спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сондай-ақ медицина орындарында иттерді серуендетуге тыйым салынады. Иелері өздерімен бірге арнайы пакеттерді алып жүруге міндетті.

Жаңа ереженің тағы бір жағы - жоғалған жануарларды бірыңғай есепке алуды және іздеуді жеңілдету үшін Алматы қаласы аумағындағы барлық иттер мен мысықтар бірыңғай идентификациялық дерекқорда тіркеледі. Мәселен, қазір қалада ресми тіркелген 127 мың ит болса, бұдан бөлек 120 мыңдай қаңғыбас ит бар, дейді мамандар. Билік үйсіз жануарлардың санын реттеу мақсатында иттер мен мысықтарды бақылаусыз өсіруге жол бермеуге шақырады. Егер үй жануарын иесі әрі қарай асырауға жағдайыңыз болмаса басқа меншік иелеріне, мамандандырылған кәсіпорынға немесе басқа ұйымдарға беруге міндетті. Бұдан басқа, қала аумағында иттердің жекпе-жектерін өткізуге жол берілмейді.