Наразылықтан кейін елімізде қосымша білім гранттары бөлінді

Наразылықтан кейін елімізде қосымша білім гранттары бөлінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Суға кеткен тал қармайды. Білім және ғылым министрлігі олқы тұсты осы демалыста түзегендей болды. Олар ұлттық біріңғай тестілеуде жоғары ұпай жинап, бірақ грантқа іліге алмай қалған түлектердің жаңа тізімін жасақтаған. Сөйтіп, тегін оқуға таласқандарды тыныштандырғандай сыңай танытты. Алайда, кейбір ата-ананың ведомство енгізген бұл өзгеріске көңілдері мүлде толмай отыр. Олар шенділердің шикілікті түзеуін дауыл алдындағы тыныштыққа балайды.

Оқуда озат болғандар озды. Ұлттық біріңғай тестілеуден 100-ден жоғары ұпай жинап тұрып, тегін оқуға түсе амай қалғандарға қосымша білім гранттары бөлінді.  Тіпті, бұл тізімде «Алтын белгі» иегерлері де шаш етектен еді. Осылайша, грант көлемі 3 жарым пайызға артып, 1487 орын берілді. Министрлік біріңғай базаның шатасқанын алға тартып, техниканың тілін қайта ретке келтірдік дегенді алта тартты.

«Талапкерлердің таңдаған  мамандықтарына қойылған талаптарға сәйкес тапсырған тестілеу барысында алған балдары бойынша, сондай-ақ заңнамада бекітіліп, жеңілдік берілетін ауылдық квоталары мен басқа да категориялар бойынша бөлінді. Грант иегерлерінің толтырылған тізімі «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін басымдық факторын ескерусіз жасалды. Осы тізім жарияланды», - деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат КӨБЕНОВА.

Осылайша, «Алтын белгіліктердің» төмен ұпай жинағанына қарамастан, олардың асығы биыл  алшысынан түсті. Тіпті 140 балдан 52 ұпай жинаған білімпаздар да бар екен.  Әйтсе де, сынақтан аз ұпай алған «Алтын белгі» иегерлерінің оқыған мектептерін министрлік тарапы біртіндеп тексеретін болады. Келесі аптадан басталатын тыңғылықты тексеріс түлектер үшін ешқандай зиянын тигізбейді. Алайда, белгiнi тағайындау барысында құжаттарды бұрмалау фактiлерi анықталған жағдайда мектеп басшылығы қатаң түрде жазаланады. Өткен демалыс күндері  министрлік пен қоса ата-аналар да ведоствоның жұмысына араласып кеткен екен.

«Комиссияның жұмысын көрдік. Екі күннен бері қастарында жүрдік. Кім арасына кіріп компьютерді өзгертіп жатыр ма жоқ па? Балмен есептеп, әділдік сұрап келген адамдардың бірі бізбіз», - деді ата-ана Нұрлыгүл АҚАШЕВА.

Айта кетерлігі, түлек грантқа түсе алмаған жағдайда, несиеге білім алса болады екен. Ол үшін оқушының 50 балл жинағаны жеткілікті. Биылғы жаңашылдық министрлікті әбден әбігерге салып, салмақты ойландырса керек.  Өйткені, келесі жылдан бастап,  гранттарды  ҰБТ қорытындысы мен жеңілдіктер бойынша ғана бөлу жоспарланып отыр. Ал «Алтын белгі» иегерлері екі рет мықтылықтарын дәлелдеуге тура келеді.

Әйкерім Ердәулетқызы, Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров