Асық, айтыс, наурыз және палауды ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізді

26.06.2018 17:34

Қазақ елінің ұлттық құндылықтары ЮНЕСКО-ның қорғауында. Наурыз, айтыс, асық ойыны мен бірнеше тағам түрлері ұйымның материалды емес мұралары тізіміне енгізілді. Бұған дейін киіз үй мен көкпар кірген болатын. Бұл үшін арнайы мамандар Алматыда аталған құндылықтарды қалай сақтауға болатыны жөнінде кеңес өткізіп, ұлттың ұлттық құндылықтарын сақтау тұрғысында тәжірибелерімен бөлісті.

«Бұл тізім мәдени мұраларға ерекше көңіл бөлу үшін құрылған. Оған халықтың назарын аударып, оны сақтау, қорғау және, әрине олардың бар екендігін ұғындыру біздің мақсатымыз. Аталмыш тізімді мемлекеттердің жауапты органдары өздері ұсынады. Біз оның маңыздылығын айқындаймыз. Өкінішке орай, ұмытылып бара жатқан дәстүрлер бар. Соларды бәз қалпында сақтап қалу қажет»,-деді ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени құндылықтары саласындағы саясатты ұйымдастыру және дамыту бөлімінің маманы Хелена ДРОБНА (Франция).