Назарбаев мемлекеттік қызметшілердің жалақы мәселесін шешуді тапсырды

Назарбаев мемлекеттік қызметшілердің жалақы мәселесін шешуді тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. 

Кездесу барысында Елбасыға агенттіктің мемлекеттік қызмет саласындағы атқарған жұмыстары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша  қолданған шаралары жөнінде есеп берілді.

Нұрсұлтан Назарбаевқа факторлы-балдық төлем жүйесінің мемлекеттік қызметке енгізілуі жөніндегі пилоттық жобаның іске асырылу барысы туралы да баяндалды.

Қазақстан президенті жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударып, тиісті алдын алу шараларын жүргізу қажеттігін айтты.

"Барлық салада жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілуге тиіс. Біріншіден, тиісті мониторинг жүргізіп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жөніндегі мәселені шешу керек. Үшіншіден, басшылықтың жауапкершілігін арттыру маңызды", – деді мемлекет  басшысы.

Кездесу барысында Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру жолында қолданылып жатқан шаралар мен оны халықаралық сарапшылар қоғамдастығының бағалау нәтижелері туралы мәлімет берді.


Новости партнеров